ИСАТАЙ БАТЫР
Ақ жүректен ақтарып,
Мен жырлаймын шаттанып.
Ер шыққан соң елімнен,
Маңғыстаудай жерімнен.
Қасқыр иттей қаңсылап,
Арт жағына ыршып-ақ.
Жапырылып жау қашты,
Исатайдай ерімнен.
Бір өзінің оғынан
Үш жүздейін немістің
Қара қаны төгілген,
Қабырғасы сөгілген.
Өздері қазған көріне,
Өздері түсіп көмілген.
Исатайдай ерімнің
Қатты батты дұшпанға,
Тегеуріні темірден.
Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым.
Тұқымы еді батырдың
Қауіп етпейтін өлімнен.
Түп атасы Тоқтамыс
Ойран салған қалмаққа,
Хабары кеткен жан-жаққа,
Тұсым еді шынжырлы
Соғысса дұшпан жеңілген.
Исатай – алғыр қайраттым
Фашиске қарсы оқ атты.
Оғын қардай боратты
Қойдай қырып «дорақты».
Қамалын бұзып күл қылды,
Талқандап жауды бүлдірді,
Танкілерін сындырды.
Жау «көкесін» таныды,
«Немістің үш жүз адамын
Исатай батыр қырды» деп
Хабардың болды анығы.
Исатай – алғыр қыраным
Немістің қырды біразын –
Естілді елге дабылы
Жетіп жатты артына,
«Жасасын» деп қуанды
Қазақстан халқы да.
Сүйеубаев адамның
Арыстан туған алыбы.
Ашуы бойды кернеді,
Құлашын жайып сермеді,
Бір өзінен немістің
Үш жүздей екен өлгені,
Фашисті қойдай тоғытып
Темірдей батты шеңгелі.
Орақтың ұлы Қарасай,
Қарақыпшақ Қобыланды –
Сол батырлар теңдері.
Көпшілікке білінді
Қиратып жауды жеңгені.
Қалатын болды тарихта
Істеген ерлік еңбегі.
Исатайдай ерімді
Қас батыр десем болады,
Айтсам аузым толады,
Фашистерді қиратып
Оғы қардай борады,
Аты әлемге шашылып
Газеттерге басылып
Исатайдың хабары
Жер жүзіне тарады,
Ұмтылғанда бекінген
Бұзылды жаудың қамалы.
Қуырылды заманы,
Құртылды ғой амалы,
Техникалық соғыста
Таң қалғандай, іс етті.
СССР-дің маманы.
Артылып түсті немістен
Құлданған әдіс-амалы.
Анасына ардақты
Мың бір рахмет айтамыз
Таймайтын тастан табаны
Туған мұндай баланы.
Атақ берді Сталин
«Бірінші герой – ерім» деп
«Немістің қырды көбін, – деп
СССР-дағы халқымның
Бір шығарды белін» деп.
Рахмет айтты Сталин
«Ленин орден берің» деп.
1943 жыл