26.07.2022
  122


Автор: Сәттіғұл Жанғабылұлы

СТАЛИНГРАДТАН ЖАУ ҚУЫЛҒАНДА

Құтырған ұры фашизм,
Күнбатыстан қол салды
Бейбіт жатқан еліме,
Гүлденген сәнді жеріме,
Қазыналы қара алтын
Қайнарлы-көзді кеніме,
Опасыз ұры фашистер
Шығам деп шапты төріме.
«Аламыз» деп, «көппіз» деп
Ұмтылып еді екпіндеп —
Назары жаман сынып жүр,
Жапырып жауды майданда
Ерлерім Қызыл қырып жүр,
Аңдамай басқан аяғын
Ауырмай өлед деген бар —
Құтырынған ит фашистер
Азайғанын әлінің,
Енді ғана біліп жүр.
Ерлерім ойран салып жүр,
Талқандап өшін алып жүр.
Батырларым білекті
Ауыздарын бір етті,
Отан үшін жан қиып
Тілекке қосты тілекті.
 Қаптаған жауға алдырмай
Ленинград, Мәскеуді
Күндіз-түні күзетті.
Қашырды жаудың қарасын
Бермеді Мәскеу мұрасын,
Фашистерді қиратып
Батырлар жазды құлашын,
Біздің алып, айбынды
Армияның алдында
Асқар таудай айбатқа
Фашистер қалай шыдасын!
Немістің қалың әскері
Аламыз деп келгенде
Ленинград, Мәскеуге
Қара бұлттай төнгенде
Қолбасшым дана Сталин
Қаһарланып, қайратпен
Командасын бергенде
Соққы беріп көп қырды,
Бірнеше жүз мың солдатын
Біздің ерлер жоқ қылды.
Зор шығынға ұшырап
Кейін қашты бышырап
Тұра алмай шыдап табаны –
Құрыды жаудың амалы.
Күлін көкке ұшырып,
Қуалап айдап ысырып,
Қайтадан алдық қайырып
Әлденеше қаланы.
«Алпыс күнде алам» деп
Жанталасып қарады,
Адамның жауы, қанқұмар
Гитлердің болмады
Ойлаған жоспар-талабы,
Халқынан тұрмыс-күй кетті,
Иіріп айдап қырдырып
Солдаттарын да сиретті,
Осы күн халі шамалы.
Сталинградтай қаланы
Үш жарым ай қамады,
Жүз мыңдайы қырылып
Бізге түсті тұтқынға
Үш жүз мыңдай адамы,
 Тарихтарда болмаған
Соғыстың болды ұлысы
Тарылды жаудың тынысы.
Өлгені қалды үйіліп,
Қуылып кетті тірісі.
Халқын айдап қырдырған
Гитлердің болды жұмысы.
«Доспын» деп қастық ойлаған
Ақырында басына
Тауан болды мұнысы,
Көк төбеттің абалап
Бізге қарап үруге
Енді шықпас дыбысы.
О заман да бұ заман
Арамның жолы болмаған,
Адамның жауы фашизм
Қуылды біздің Волгадан.
Салтанатты сәнімді
Ардақтаған барымды
Қорғады Қызыл Ерлерім
Басшылықтың болып дұрысы.
Жасасын Қызыл Армия
Жасасын дана Сталин
Дүниеде болынған
Қолбасшының ұлысы.
1943 жыл





Пікір жазу