26.07.2022
  141


Автор: Сәттіғұл Жанғабылұлы

МОСКВАҒА САПАРЫМ

Май айының ішінде
Маңғыстаудан біз шығып
Аман-сау келдік Оралға,
Таныстық келіп бұған да,
Патефон, мылтық кабаттап
 Байрақ алдық бұдан да,
Облысымыз жасасын —
Көтерді бізді жоғары,
Жиырма бірдей ауданның
Жиналған екен бас қосып
Өнерпаз, өлеңші адамы,
Еңбекші халық қарсы алып
Бәрі де тыңдап қарады,
Шамғұлмен қатар салғанда
Күйлері болды шамалы,
Салдырлатып кейбіреу
Домбырасын сабады.
Комиссия бастықтар
Сынағанда біздерді
Біріншіге балады...
...Май айының үшінде
Киров клуб ішінде
Құмардан шығып жырладым
Келтірдім сөздің ырғағын.
Хош алысты көпшілік
Шапалақ соғып құттықтап
Жиналған адам мың жарым.
Байрағын берді соңынан
«Жоқ, — деді, — сөздің кемісі».
Жиналған өнерпаздарға
Сыйлығын атап берісті,
Содан кейін біздерге
«Москваға бар, — деді, —
Айтыспен қатар барған соң
Әндеріңді сал, — деді,
Жырларыңды әшкертіп
Күйлеріңді шал, — деді,
Жоғарыда отырған
Үкімет пен партия,
Бағалайтұғын заң» — деді...
Оралдан жүрдік төрт адам
Үскірік пойыз зырлады,
Көрдік талай станса,
Орман-тоғай, арнаны,
Егін, ағаш, ағын су
Теміржолдың жан-жағы,
Мінгеніміз сар пойыз
Шаршасын ба шалдығып —
 Шабысынан танбады,
Мезгіл-мезгіл ақырып
Шапқан сайын атылып
Шұбалды түтін-шаңдары.
Вагондары сайлы екен
Жүрісі тыныш, жайлы екен —
Үстіне мінген адамның
Рахат тапты жандары...
... Содан келдік Мәскеуге —
Жүргенов бізді алмады
Өнері, жақсы біздерді
Жарысқа қатар салмады,
Домбырашы, әнші, ақынның,
Болмай қайтты арманы,
Батыс Қазақстанның
Шаба алмай қайтты тарланы,
Аузымызды ашырмай
Кері қайтарды Жүргенов —
«Оралдан келген қарт ақын
Жоқ, — деді, — бізге керегің»
Көрінбей қайтты өнерім,
Еңбекші елге арналған
Айтылмай қайтты өлеңім,
Айтылмаған себебін
Жүргеновтан көремін.
Бөліп тастау дұрыс па
Батыс Қазақстан көлемін?
Айналғанда Жүргенов
Өзінің етті дегенін,
Көрсетпеді біздерге
Жолбасшылық көмегін.
Қатты көзбен қарады —
Барған күні таныдық
Көңілдің бізден бөлегін.
Зәбір көрген өзімді,
Осы айтылған сөзімді
Ұлы орындар жоғарғы
Тексерер деп сенемін.
1936 жыл





Пікір жазу