26.07.2022
  172


Автор: Түмен Балтабасұлы

САРЫ АТАННЫҢ ШАҒЫМЫ

(Ақын өткір-өткір сықақ өлеңдерінде кезінде қоғамдық малға деген көзқарастың төмендігін сын садағына алғаны аңғарылады)
Таушықтан бергі тақырда
Жайылмай жатыр сары атан.
Арқасы жауыр жара атан
Әкімдердің алдында
Ауызы жетсе айтуға
Көңілінде мұңы бар атан.
...Бұл атан нағыз емес, қоспақ атан,
Енесі інген емес, қоспалы атан.
Білмеймін кімнің мініп, кім түскенін
 Біреулер Қоңыратқа қосқан атан.
Біраз күн қозғалмастан жатқан атан,
Балшыкқа бауырынан батқан атан.
Ішінің тоғы да жоқ, қоңы да жоқ
Қаншырдай бауырынан қатқан атан
Қоспақтың Қосбосынға шағынғаны.
Артынан ақ қағазға жазылғаны.
Сұраймыз түсінгенге шын көңілден,
Арызға қандай шара алынғаны:
Қосбосын:
Жайылмай жатқан жалғыз сары атансың,
Күрек тіс көрінбейді, кәрі атансың.
Жабусыз жайдақ адам міне алмастай,
Арасы өркешіңнің тар атансың.
Көп жүкті көтергендей күшің болса
Көруге көзге көркем нар атансың.
Бұл өзі қастадан ба, қатпадан ба,
Әйтеуір бір жағдайың бар атансың?
Сары атан:
Алмады алты ай бойы тыным жаным,
Болмай тұр сол себептен сыным жаным.
Арқама алты метей артып алып,
Белімнен кендір арқан тартып алып,
Айдады жетелемей, шыным жаным.
Алыстан ауыр жүкпен әзер келіп.
Жабусыз жайсыз жерде жатып қалдым.
Болар ед қыстан шықса шыбын жаным
Арапа-ауылы сыбай жолдас еді
Сұрасаң сол да айтады шыным жаным.
Жазды күн жақсы мені бакқаң да жоқ,
Бабымды баяғыдай тапқан да жоқ.
Жауырыма дәрі сірә жакқан да жоқ.
Жұп-жуан кендір бұйда кеңсірікте,
Жел бұйда жеңіл есіп таққан да жоқ.
 Харазым қала шығып кетіп едім,
Кіреден алпыс күнде әзер келдім.
Жайғасып жалғыз күндей жатқам да жоқ.
Өзбек-сарт «сатыңыз» деп сұрап еді,
Оларға бұлдап мені сатқан да жоқ.
Бір тойып дене белді көтергендей,
Бір құшақ пішен маған шапқан да жоқ.
Тоңсам да тоңға шөгіп жатар едім,
Ілініп жердің беті қатқан да жоқ.
Арқамнан ауыр жүкті алғаннан сон,
Шешілмей шиеленсе кесіп алып
Басқа ұрып «Шатқа бар» деп қоя берді,
Үстіме жылы жабу жапқан да жоқ.
Хамиттың қарауында жүргенімде
Жайылып жаз бойына шөп жеп едім,
Изенді, ебелекті көп жеп едім.
Көлдеудің жағасына көктеп шыкқан,
Бидайық, бозғанақтай көк жеп едім.
Шалқақтап «Шаттан» ішіп шаңдақ салып,
Абырдың ақ сайына көлбеп едім.
Белгілі белін буған ер болмаса
Балдардың байлауына көмбеп едім.
Осы күн ойлап тұрсам ұят екен,
Байлауға пайдам үшін көнбегенім.
Әуелде атам бура, енем мая,
Нар да емен, нағыз да емен, жарбай едім.
Болсам да жарбай қоспақ жардай едім.
Сары қоспақ, салаң кұйрық, сандық өркеш
Көруге көзге көркем дардай едім.
Хамиттың қарауында жүргенімде,
Дудардай дулығам бар қандай едім
Бүгінде көрген кісі аяғандай,
Осылай өтіп жатыр көрген күнім,
Тексеріп арызымды басшы орындар,
Жарыққа шығар ма екен менің үнім?
Сәлем де «папка ұстаған» балдарына
Үйренсін шаруа баққан шалдарынан
Жолдастар жол бермеңіз бұдан былай,
 Салқын сөз салақтықтың салдарына.
Бұл жағдай бүгін бізге келген болса,
Әркімнің келмей қалмас алдарына...!
Қоғамның қолдан келсе қарай көрің,
Колхоздың, артель-ферма малдарына...





Пікір жазу