ӨТКЕН КҮНДЕР
Аяқ тілік, жарылып қара саным,
Қой соңында көп өтті бала шағым.
Тоқтық пенен аштықты бірдей көрдік,
Бұл ғұмырдың өткердік ала шаңын.
Көсік тердік Жиделі қырқасынан,
Дән де қақтық құмаршық шөп басынан.
Жалақ ерін, ышқырды ұстай жүріп,
Әзіл айттық қыздарға су тасыған.
Жаяу жүрдік жерлерге ара күндік,
Бесқалаға тәуекел бара білдік.
Ата-ана мен туысқа жел боп тимей,
Бәрінің де көңілін таба білдік.
Бір кездері өтті ғой жастық желі,
Өмір деген ағысқа кеттік еріп.
Оқып едім жасымда Түйте ахуннан
Арабша оқу есігін аштық келіп.
Дін ғылымы біздерді алдамады,
Бәрі де рас адамзат таңғалады.
Тәуекел ете алмаған құрдастарым,
Қой соңында қопырап жолда қалды.
Талай қиын тап болдық замандарға,
Күндер туды өсекшіл жамандарға.
Жазықсыздан жазықсыз кете бардық
Басқа түссе баспақшыл амал бар ма?
Жылқы жиып, құлынды байлайтынбыз,
Қас жүйрікті баптадық, сайлайтынбыз.
Үлкендердің сөзіне құлақ асып,
Қазанында ақылдың қайнайтынбыз.
Айран, шұбат, қымызды сіміргенбіз,
Қозы айырып шапқылап жүгіргенбіз.
Мал айдасып, жайғасып, қораласып,
Түн ортасы ауған соң көз ілгенбіз.
Еңбек етіп осылай жетілгенбіз,
Ыстық-суық шынығып бекінгенбіз.
Топыраққа күйген соң табанымыз,
Шөптен шөпке тал түсте секіргенбіз.
Тайға мініп жарысып терлетіппіз,
Диірмен тартып, бесік те тербетіппіз.
Жастық деген біздерде көп болған жоқ,
Мезгілінен бұрындау ержетіппіз.
1952 жыл.