26.07.2022
  261


Автор: Түмен Балтабасұлы

ІСІНЕ ЖАСАҒАННЫҢ ШҮКІРЛІК ЕТ

(Түмен ақынның ұлы Сайын қайтыс болғанда әйеліне жұбату сөзі)
Ісіне жасағанның шүкірлік ет,
Көп жылау пенделерге күпірлік ед.
Өндіріп құр жылаумен нені аламыз,
Сайынжан үйге енбес тіріліп кеп.
Я, аруақ, дүғаңды оқы Мұхаммедке,
Расулым, көзіңді сал біз – үмбетке.
Ақ құсым қолымдағы мәпелеген
Келмеске кетті ұшып Сіздің бетке.
Пейіште Сайынжанды қарсы алғайсыз,
Балаңды таныстырып жалпы көпке.
Я, Алла, Сіз қолдаушы, біз жолдаушы,
 Қабыл ал айтқанымды ғафу ет те.
Шешесі, көп шаршама, шалдығарсың,
Аллаға «асый» болып таныларсың.
Не жазса пешенеге салды –көндік,
Етпесең егер шүкір, жаңыларсың.
Сол жерге біз де бір күн аттанармыз,
Топырақ мұздай болған жастанармыз.
Өлімге ырзалықпен қарамасақ,
Махшарда Сайынжанмен қастанармыз
Ырза бол Жаратқанның салғанына.
Көнесің тірліктегі алғанына.
Басы осы, аяқ жағы той болсын деп,
Береке бер дейміз де қалғанына.
Жыласаң Сайынжан да қиналады,
Өлі аруақ ахиретте ойланады.
Тілекші өлсе дағы ата–анаға,
Көңіліне біз қиналсақ қайғы алады.
Сол үшін көп жыламай, жасыңды тый.
Келмеске надан ғана зарланады.
Сайынның күнәсі жоқ, судан таза.
Еркелеп пайғамбарға сыйланады.
Қапалық етпе, пақыр, тый жасыңды,
Қайғымен қор қыларсың бір басыңды.
Жыласаң, елеңдетіп анда жүрген
Қапа қып азаптарсың қарғашыңды.
Бұл өмір мәңгі бұлай тұра бермес,
Азабын өне бойы қыла бермес.
«Ажал да кезегімен» деген бар ғой,
Бір шыққан төбесіне шыға бермес.
Торларын өне бойы құра бермес,
Жылағанмен өлген мойын бұра бермес.
Жасаған шүкірсізді жақтырмайды,
Құран да бұған жақсы баға бермес.
Сайыным, арқайын жат, қарағым–ай,
Біз қалдық сенің тартып азабыңды–ай.
 Ғафу ет, Рахман–жаббар хақім.
Қабыл ал жалғызымды панаңызға.
Қайғы мол біздей мұңлы қазалыға,
Көлеңке түсті мәңгі ажарыма.
Алдында ата–баба, асылдарым,
Жүргейсің ұлыңды алып назарыңа..!





Пікір жазу