МӘТЖАН КӨНЕҮРГЕНІШТЕ
Мәтжан би бір жылы біраз жолдастарын ертіп, Хиуа ханымен жолығу үшін Көнеүргенішке барыпты. Хиуа ханының бір кездесу ордасы (қазірше айтқанда – резиденциясы) осы Көнеүргеніш екен. Сол ханмен елдің тыныштығы, қонысы жөнінде келіспек болған.
Барған соң Көнеүргеніштің дуанбасылары хан мен Мәтжан биге арнап той-думан жасаған. Ат бәйге, палуан күрес ұйымдастырады. Мәтжан өзінің інісі Есет палуанды ертіп барған екен. Сол аналардың Бағаналы, Тағаналы деген тумалыс екі палуанын бірінен соң бірін тоңқалаң асырады. Бәйгеге адайдың белгілі көкмойнақ тұқымынан бір тұлпарды әдейі жаратып келіпті, сол алдына жан салмайды.
Біраздан кейін қонақтарға ас тартылады. Ол – табаққа үйілген күріш палау, үстінде аз ғана еті бар.
- Мәтжан би, бұл «жеті әулие» деген тағам, - деп түсіндіреді олар, - сіздер, қазақтар, тек суға ет қайнатып қана жеуді білесіздер ғой, ал мынау жеті дәмнен тұрады, сондықтан да «жеті әулие» деп аталады, - деп және қағытады.
Сонда Мәтекең:
- Иә, бұл «жеті әулие», әуелі үстіндегі ет әулие. Сол етті мен алып қойсам, қалғаны несі әулие? Қалған «алты әулие» сендерді-ақ жарылқасын, - деп палаудың үстіндегі бар етті би алып жепті.
Сөйтіп отырғанда сөзден сөз шығып, «ас-мас», «жігіт-мігіт», «ат- мат» деген қосақ сөздердің мәнісі сұралады.
Маңғыстаудың шежіреші тақ-тақ шалдарының айтуы бойынша Мәтжанның бұл сұраққа берген жауабын біреулер басқа өңірдің адамдарына бұра таңып жіберген.
Сонда Мәтжан оны былай түсіндірген:
- Бізде қонақтарға құнан қойдың еті түгел асылады және оған қазы- қарта, жал-жая қосылады. Мұны біз «ас» дейміз, ал сіздің үстінде бір-екі шөкім еті бар палауыңыз «мас» делінеді. Палуан күресте біздің жігітіміз сіздің палуандарды жықты, міне, біздің жігітіміз «жігіт», ал тоңқалаң асқан сіздің палуандар – «мігіт». Ат бәйгеде біздің көкмойнақ озды, оны
«ат» дейміз, ал қалып қойған сіздің жылқы – «мат».
Содан кейін жұлқынып біреу шығыпты:
- Мәтжан би, атағыңызға қанық едік, қара сөзде алдыртпайды екнсіз. Сізден менің бір өтінішім бар, боқтасып көрсек қайтеді?
- Шырағым, бұл бізге жараспайтын іс, - деп Мәтжан келіспесе, әлгі жалынып-жалпайып болмайды.
- Бұл да бір ойын ғой, сынасып қарайық. Қоймаған соң Мәтжан көніпті:
- Бұл менде болмаған жат қылық, дегенмен, қоймадың ғой, бастап
қара...
Әлгі сыпырта жөнеліпті. Үрім-бұтақ, тума-туыс, бала-шаға, қатын-
қалаш, жақын-жекжат, ауыл-аймақ, бота-тайлақ, айран-қаймақ, түк қалдырмай сыбап шығыпты.
- Болдың ба? – депті Мәтжан би.
- Болдым.
- Ал мен басқаны білмеймін, мен айтсам: Ала шапан, телпегіңді тігісінен, Мәсіңді кебісімен,
Базар, жайыңды тегісінен, Асыңды палауымен,
Әулиеңді жалауыңмен, - деген.
Хиуалық шошып кетіпті:
- Ойбай, Мәтеке, әулиеге тіл тигізуге болмайды ғой. Астапыралла, ол енді сізді қағады.
- Түк те жасамайды, - депті Мәтжан, - біздің Пір Бекет сенің әулиеңнің аузын ұрып береді.
Хан осы кездесуде Мәтжанға риза болып, оның кейбір мәселелеріне оң шешім берген. Тіпті, Мәтекеңнің сұрағы бойынша Әмудің бойынан адайларға жер бөліпті. Ол кезінде «Мәтжан жап» аталған.