КӘРІ ҚЫЗ
Қашағанның бір танысының кәрі қызы бар екен. Сол Қашағанмен айтысам деп қоймапты. Ауылдастары «шырағым ұятқа қаларсың, жайыңа жүр, ол керемет ақын» десе, болмайтын көрінеді.
Қашағанның одан хабары жоқ, бір күні сол үйге түседі. Әкесі үйде жоқ екен, ол келгенше мал сойылып, қазан асылады. Сол қазанның арғы жағында отырған әлгі кәрі қыз кенеттен:
- Қашаған деген осы ма?
Әкеміздің досы ма?
Мылтық емес оқтаулы,
Бұл дыбыстан шошыма! –
деп өрескел жел шығарады.Қашаған бұл сөлекет әдепсіздікке күліп:
- Әй, оңбаған, кәрі қыз!
Ішің толы жарылды
Нәжіс пенен дәріңіз.
Ортада қазан тұрмаса,
Қырылып едік бәріміз!
Енді етіңді өзің же,
Харам дәмді нәріңіз.
Ас болсын лас зәріңіз.
Әкеңе менен сәлем айт,
Жын отырған бұл үйде
Келіспес біздің сәніміз, -
деп асқа қарамай, шығып кетіпті. Сол сәтте әкесі келіп, Қашағаннан кешірім сұрап, екінші үйге түсіріп, сыйлаған екен.