ВАГОНДАР
1973 жылы Маңғыстау өз алдына облыс болып, елдің қуанышында шек жоқ. Бірақ кейін жұрт аузында мынадай әңгімелер шыққан:
Бірінші хатшы болып келеген Тұтқабай Әшімбайұлына адай шалдары жиылып келіпті.
- Құрметті Тұтқабай Әшімбайұлы, көптен бергі арманымыз орындалып, облысымыз ашылды. Бірақ мұнда қашаннан бері жергілікті мамандар басшы орындарға алынбайтын жаман саясат қалыптасқан. Сіз зиялы азамат екенсіз, осы үрдісті бұзып, адай халқының ұл-қыздарына жақсы қызметтер беруіңізді сұраймыз, - депті қариялар.
Сонда Т.Әшімбаев айтты дейді:
- Әй, шалдар-ай, қазір облысқа он вагон орыс, бес вагон беріш келе жатыр. Солардан қалғаны болса, көрерміз...
Содан облыс басшылары ауыса-ауыса бір күні кезекті жаңа әкім келіпті. Қариялар тағы топталып, «Әй, осының өзі беті жылтыраған, әдеміше жігіт екен. «Түсті игіден түңілме» деген, осыған да барып көрейікші» деп келіп, ертеде Т.Әшімбаевқа қойған сұрақты бұған да айтқан.
- Өй-буй, ақсақалдар-ай, - депті ол, - баяғы ма, енді орыс, беріш дегендер далада қалды. Қазір бізге Арқадан алты вагон, оңтүстіктен он бес вагон келе жатыр. Үміттеріңізді үзе беріңіздер...