ТАҢБА
Кіші жүздегі он екі ата Байұлының құрамындағы ең қабырғалы ру саналатыны – Адай. «Ол – көптігі және байлығы жөнінен өз алдына бір төбе» деп айтылады. Бұл рудың ұраны – Бекет, таңбасы – садақ, жебе.
Бір қызығы, басқа Байұлылар, тіпті жалпы Кіші жүздің көптеген өзге рулары, неге екені белгісіз, Адай десе, мүйіздері қышып, келемеш әңгіме айтатындары баршаға мәлім. Сондай бір әңгімені келтірелік:
Байдың (Қыдыр) бәйбішесі балаларына таңба үлестіріп жатыр екен дейді. Бұл да әңгіменің қисынсыздығы, себебі дардай ақсақал Қыдырдың өзі отырғанда, әйелге таңба бөлгізу жөн бе? Және де әлі елі жоқ, ру болып қалыптаспаған жас сәбилердің жеке бастарына таңба беріледі деген тіпті ақылға сыймайды.
Тентек адуын бала Адай кештеу жүгіріп келіп: «Шеше, менің таңбамды көрсетші», - дегенде, бәйбіше үш саусағымен бұтының арасын сүйкеп жіберіп: «Міне, сенің таңбаң!» деген екен. Сонда байқап отырсыз ба, қулар садақ таңбаның ортасындағы жебені басқаға ұқсатып, күлкіге айналдырып отыр. Адайды әдейі мұқатқандары.
Дегенмен бұл әңгімеге де жауап табылған. Бәйбішенің әлгі қимылын көзі шалып қалған бай: «Әй, бәйбіше, барлық ырыс-құтың Адайға кетті-ау», - депті.
Қалай болғанда да, біршама кезеңнен кейін-ақ Адай жан басы дүреп құлпырған, мал басы өсіп, мыңғырған, жерінің асты да бай, үсті де бай, нағыз ырыс-құт дарыған әулиелі ел болды. Басқалардың қиқым сөздеріне пысқырмайды да.