НҰРДАН ЖАРАЛҒАН
Көп ел жиналған үлкен бір жәрмеңкеде игі жақсылар бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Орталарында Адайдың от ауызды, орақ тілді биі Мәтжан бар екен.
Бір кезде үстеріне Таз руының әрі биі, әрі ақыны Қашқынбай кіріп келіпті. Сәлемдескеннен кейін «уһ!» деп өксік шығарып, Мәтжанның қасына отыра кетеді. Мәтжан сұрайды:
- Уа, Қашқынбай, алла қуат берсін, неге мұнша шаршап жүрсің?
- Шаршамай қайтейін, қайда жүрсем де жұрт «емшектесің Адайдың әкесі кім?» деп мазамды алып болды. Әкелеріңді тапсаңдаршы... Уһ, - деп Қашқынбай қуланады.
Мәтжан оның бұл сұрақты әдейі құйтұрқылықпен қойып, уһілеп отырғанын түсінеді.
- Асықпа, Қашқынбай, сұрағыңа жауап болады, - дейді де Мәтжан жолдастарын ертіп шығып кетеді. Шыққан бойда бұйрық етеді: «Тез Қашағанды табыңдар, осы маңда жүрген шығар. Қашқынбайдың жаңағы сұрағына тек сол ғана жырмен уытты жауап бере алады. Қашағанды қалай да тауып, осында алып келіңдер!».
Қашаған да көп алыста емес екен, оны ертіп келіп, мән-жайды түсіндіріп, әлгі жиынға кіргізеді. Ол Қашқынбайдың тізесін баса, қасына отырады да жырлап қоя береді:
- Уа, Қашқынбай, нетесің? Сұрағың сенің кекесін. Шаршап жүрсең, тыңдашы, Айтайын сөздің көкесін.
Әлі білмей жүр ме едің, Емшектесің ағайын Адайыңның әкесін?! –
деп ақтарыла жөнеледі.
Қашағанның әйгілі «Адай тегі» дастаны суырыпсалма ақынның аузынан табан астында дүниеге осылай келген. Бұл шағын әңгімеде ол дастанды түгел келтіріп жатпаймыз. Жалпы мазмұнын қысқаша баяндайық:
Байдың (Қыдыр) Қанбибі деген қызы бір күні құрбыларымен серуенге шығады. Тамылжыған табиғат аясында, үлкен бәйтеректің саясында тыныс алады. Сол арада Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, тұла бойын шымырлатқан керемет бір сезімнен оянып кетеді. Көзін ашып қараса, көктен бір ғажайып нұр құйылып, жаны мен тәнін елжіретіп тұр екен дейді.
Осы жайды Қашаған былай бейнеленген:
Ұйықтап көзі ілінсе, Шымырлаған бір нәрсе Тұла бойға білінді.
Төмен қарай жүгірді. Қанбибі шошып оянды-ай.
- Не болды? – деп – ой, Алла-ай!
Жан-жағына қарады. Қарап тұрса, нәрсе жоқ,, Көңілін қасірет қамады.
Сол нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, мерзімі жеткенде елден жасырын ұл туады. Әкесіз нәрестені ұят көріп, оны құндақтап, баяғы бәйтеректің түбіне апарып тастайды.
Ертесіне бай бой жазып, сейілге шыққанда әлгі балаға тап болады. Оны үйіне алып келіп, атақты Әспенбет биді шақыртады. Би баланы көргеннен кейін: «Абырой-атағыңды асыратын арысың осы болар» - деп,
«Адай» деп ат қойып, батасын берген екен.
Қашаған осы дастанды төгілдіріп айтып шыққанда, Қашқынбай риза болып күліп, қисая кеткен екен дейді.
- Әй, жарайсың, Қашаған! Әңгіменің керемет аңызын айтсаң да, келістіріп маңызын айттың-ау! – депті.