
Мұнара басында
Лапылдап газ жанады гүрілдеп бір,
Қарайды, қызығады күлімдеп қыр,
Қара алтын қарғын құсап қаптар ма екен.
Тұрбалар мойнын созып дірілдеп тұр.
Ісінген шлангалар – өңештері,
Мұндайды көріп пе едім мен өскелі,
Қара алтын көкке қарай атылар ма
Жерімнің алағаудан дөңес, белі.
Жүзіне қан теуіпті бұрғышының,
Жайы боп көңілінің – бір құсының,
Ойларым ойпырмайлап ойға батты
Қиядан көзін тігіп тұрды шыңым.
Қара алтын үсті-үстіне өршеленіп,
Болды ма жоғарыға жол шегерлік.
Моторлар белін бүгіп бұқшияды
Өзің кеп одан кейін көрсең еді...
***
Тізгінін тағдыр кімге берер сеніп,
От борар қып-қызыл шоқ денем – көрік,
Бір жалын бойымды орап бара жатыр
Қарағым, кете көрме сен өртеніп.
Жас келді жағам жақын жетем өрге,
Қайратым қайтса ауырды көтерем бе,
Бір жалын кеулеп мені бара жатыр
Қарағым, сен өртеніп кете көрме.
***
Жастықта жеңілу жоқ, жеңіс көбі,
Алдым мен ойлағандай тегіс пе еді,
Ақ уыз алаулаған албырт шақта
Бейкүнә жолықтырғам періштені.
Ол күнім алыстағы бұл күні аңыз,
Үйімнің қалды орнында жұрты жалғыз,
Оқталып оңашада, ал, алдында
Сөзімді айта алмаушы ем, бейкүнә қыз.
Жүрмеген жастық отқа түсіп бекер,
Қыс келсе жанымды аяз – үсік не етер,
Үп етсем үркітермін деп ойладым
Ақ арман ақ құс болып ұшып кетер.
Оралмай содан бері өтті ай, көп күн,
Той өтті, той өткесін тоқтай ма екпін...
Сол жанды сүйе тұра айта алмадым
Сүйем деп айта алмадым, айтпай кеттім.
***
Тілдескім келіп барады көлмен, көк, құспен,
Қойдың ғой шықпай ару – аққуым боп түстен,
Көгілдір белден көктемде көріп мен сені
Албыртқан асау жүрегіме алғаш шоқ түскен.
Әнімді салам, аңсарымды айтам бар маңға,
Аңсаттырмаса арман да тегі арман ба,
Іңкәр гүлім-ау, көзімнен ұшып кетіп сен
Қайтемін бір күн кеудемді қайғы жарғанда...
***
Көрінсе көзіне ажал – тұнатын қан,
Әбжылан қарсы алдымда шұбатылған,
Иіріліп жазылғанда шаң шығады
Оқ шығар маңдайыма бұл атылған.
Жалы бар желкесінде күдірейген,
Көмейі құрдым құдық үңірейген,
Құлаштай құйрығымен соққан кезде
Төңірек дір етеді бір үреймен.
Жанымды жалап тілі, тісі өтеді,
Белгісіз өң екені, түс екені,
Біресе сол жағыма шығады атып,
Біресе оң жағымнан ыс етеді.
Жиырылып атылады уы шыға,
Түспесем ажал-ауыз қуысына,
Белімді барын салып орай алмай
Тамағы сыймайды қос уысыма...
***
Сенен, жаным, бітсе бұрын ғұмырым...
Ажал, сірә, салар бір күн құрығын,
Қалай қиям мөлдіреген көзіңді
Өмір мен сен мен үшін тек бір ұғым.
Ажал маған аттың басын тірепті...
Бұл ойымнан бойым менің дір етті,
Қалай қиям алаулаған жүзіңді
Қалай қиям мен деп соққан жүректі.
***
Мерген бе ем бармас күн – биікке оғы,
Көзіме менің мұң – мұхит толды,
Тынышымды алған сен шығарсың, сен
Болмасаң егер кім құйыпты оны.
Ашылар ма екен түбі бет алдым,
Қансонар жаста түлкімді ата алдым,
Келгенде күзім кездестім саған
Түнде ұйқы, күндіз күлкімнен қалдым.
Ойласам жолдан өмірі аумаппын,
Ай төгіп сәуле омырауға ақ, түн...
Кеудеңдегі от қос түймені бастым
Түймеңді бастым – қоңырау қақтым...
***
Бұл күнде бойымдағы айып – күш кем,
Жиырма бес! Каспийді ұрттап,
Жайықты ішкен,
Жаным-ау, кеудемдегі қор болдың-ау
Ғарышқа – ғажайыпқа, ғайыпқа ұш – кең.
Басушы ем тырп еткізбей жел құлағын,
Ататын асуды асып сел – бұлағым,
Талайғы талабымды турап берем
Тәнімді жегі құртқа жем қыламын.
Аспанға, шыбын жаным, ауаға ауыс,
Жатармын сенен күтіп сауап – алғыс,
Түнімен көретінім қап-қара түс
Күнімен еститінім қара дауыс...
***
Қас ақынға жыр түбі апат – өлім,
Махамбеттің жиені ата – тегім.
Шабыт буса шар болат – шамырқанам
Шабыт буса шарт кетем – лап етемін.
Адам емен амалы, айласы – арман,
Ақынмын мен шықпаған пайдасы алдан,
Нағашымнан өз жұртым осал емес,
Өңменіне жауының найза салған.
Анықталар алар жер – жайым бір күн,
Өмір – үйде естілмес дәйім күлкім.
Жігіт етер жігітті үш жұрты ғой
Үшінші жұрт – кім екен қайын жұртым.
***
Жұрттан басқа жан болдым сыры бөлек,
Өміріме өлеңнің нұры қорек,
Бұл дүниеде жүру де қиын боп жүр
Қиын боп жүр, жаным-ау, шыны керек.
Жан дертімнің дауасын таба алмадым,
Қанша ұмтылып келсе де аман қалғым.
Не менімен болмаса өлеңмен бол
Деп ауыр шарт қойдың ба маған, жаным.
Арманы өлген адамда жай бола ма,
Қалсам мейлі қай жерде, қай молада,
Өлең де жоқ, сен де жоқ ақырында
Қаңғып кеттім лағып айдалаға.
***
Өткір ме ажал тарнағы – тағы күштің,
Қапаланып қайғымды қанып іштім.
Жапан көкке кеттің бе, жаным, алыс
Мені тастап ғайыпқа нағып ұштың.
Көңіл – терек көктейтін бұтағы жоқ,
Бойға бомба – қойныма тұтамын оқ,
Сағыныштан жатамын сар тап болып
Жалғыздықтан жалын жеп жұтамын шоқ.
Жұлдызды аспан, түнек төр – түн қиялым,
Артымда бар әйтеуір ұл – тұяғым.
Қазаныма ошақта от толтырам
Бокалыма толтырып мұң құямын.
***
Таң қалғандай қаланың келбетіне,
Каспий жатыр толықсып тербетіле,
Тұңғиықта туласа мұнай-мұхит
Ақтау аққу қонған кеп жер бетіне.
Шілдеде аптап шыжғырсын безілдеп маң,
Кетеді асып күнге, айға – жез ілгекке ән,
Қала арудай тосады кеудесін кең
Кешке есетін самалға теңіз жақтан.
Ақжалданып асардай даланы ары,
Ұмтылады толқындар – шабар әлі...
Ғашық теңіз тыншымай дөңбекшиді
Аққу қала жағада таранады.
***
Жаным-ай, тағдырыңа өкпелісің,
Менің де жетпес енді көпке күшім.
Біз тегі бұл өмірге келіп пе едік
Мен күйіп, сен жасыңды төкпек үшін.
Қонақтап қабағыңа нала, мұң – қар,
Жылайды қолыма алсам қаламым – зар,
Қанатын балапандар қаққанынша
Қайтесің, шыдайсың не амалың бар.
Өтіппін жиырма бестен – құмай жастан,
Біз деген бір күні күн – құлайды аспан.
Жаным, сен жалғыз мені кінәлама
Мені де саған тағдыр – құдай қосқан.
***
Ақ тұйғын қонып жатыр алғашқы қар,
Ақ боран ақ азуын алмас қылар,
Алдына ақ киізге құмалақ сап
Ақсақал ақ тілекпен малдас құрар.
Тақырға тарлан бұлақ шаппас тура,
Астау ой белшесінен батпас нуға,
Ақиық айдалада арлан қағар
Ақтарып ақ көбігін ақ бас бура.
Көрінбей ақ түтектен ат құлағы,
Бұйығар қойшының да саққұлағы,
Алғашқы қар жауып тұр, жаумай жатып
Ала – құйын болам деп аптығады.
***
Бокал тағы бұрқырап қайта толды,
Ақкөңіл деп ақкөйлек айтады оны,
Күреңітіп қан күрең шай құяды
Келіншегі көзінде – шайтан оты.
Жүрген күнде жандар көп бірге сыйлы,
Талқан қылып кетсем деп түрмесі – үйді,
Келемемді қайырып мен отырмын
Шайтан оты иектеп жүрмесе игі.
Шақырады – сөнеді, жанады бір,
Жанған сайын алма жүз жарады бүр,
Жардың ары ақ қар ғой алғаш жауған
Ақ қарда дақ – қарайып қалады кір.
Үйіне енді кетсем бе ғұмыр келмей,
Қожайынға бұл сырым білінбегей,
Шайтан отын сөндірмей тұрып алды
Келемеге барады тілім келмей...
***
Таң ағарып түн қашты – қара сұлба,
Сәуле маған, аспанға тарасын ба...
Өлең – ғашық өртеген мен жатырмын
Өмір менен өлімнің арасында.
Өң бе, түс пе шабыт, мен – жел егіз бе ек,
Қиял көкте жоғымды келем іздеп,
Ақ тамшы боп ақ сәуле қашан тамар
Көңіліме сіркіреп – себезгілеп.
***
Бұзау тіс қардың сөгілсе енді көбесі,
Асқар таулардың көрінен ме екен төбесі,
Былтырдан бері бұйығып жатқан бәйшешек
Түсемін көзге – бой жетем дейді, о несі...
Сері ғой сәуір, серілік құрған ай қандай,
Мұхиттар қалай, теңіздер шыдар шайқалмай,
Ақ жаңбыр – сырын ақтарып жерге төгеді
Көк аспан көптен көңілінде жүрген айта алмай.
Өзінен өзі тарс айырылып талағы,
Кездескен жанның жағасынан жел алады,
Ойлардан шығып шаяды айдын ақырын
Тал бойы дел-сал толғатып жатқан даланы.
Қызғалдақ шығар қырларға тіккен жалауша,
Найзағай түтер көк жабағысын сабауша,
Құрсағы кеңіп жер-ана балқып бусанар
Қанатын жаяр балапан тірлік балауса.
***
Көңілім көлдей толқитын,
Жеткізер – айтар сөз бар ма.
Аш белің қайда солқитын,
Ажарың – жүзің тозған ба.
Тағдыр да маған төнген көп,
Қайтеміз іздеп кінәні...
Баяғы от менде сөнген жоқ,
Сөнген жоқ, жаным, біл әлі.
***
Гүл атып жеңге десем, билесе өңі,
Басына бақ қонғандай күй кешеді
Қасымда ағаң бар деп жымияды
Қазір ап кетем десем үйге сені.
Аяймын мен несіне бетті-нені,
Көңілдің орындалса көп тілегі,
Шақырсам өзі кіріп құшағыма
Ақырын ағаң бар ғой деп күледі.
Тойған ба тірлікте бұл тәбет-құлық,
Басатын дамы емес пе валетті ұрып,
Жеңешем тарқарда той тағы да тұр
Қиылып, емексітіп, дәметтіріп...
***
Ойпырмай, қайтем енді, қайтем енді,
Бұлықсып бұлбұл шабыт қайта келді,
Айта алмай жүргенімді айтамын ба
Таңдантып тастаймын ба байтақ елді.
Бойымды билеп алды сағынышым,
Лап етті жан сарайым – жалын ішім,
Қисам да өмірімді болмас па енді
Көретін өлеңімнің жарығы үшін.
Жарылып бара жатыр көкірегім,
Жырымды шықса атылып оқыр елім,
Жазайын осы сәтті, өтіп кетсе ол
Өртеніп өмір бойы өкінермін.
***
Түсімде... Әлемге соңғы шақ таяп қапты,
Күннің қызуы жоқ, шығып жатпай-ақ батты,
Төрт мұхит түгел сарқылып таулар тас болып
Жер орбитасынан ауып шатқаяқтапты.
Темір қазықты тот басып босаған екен,
Шолпан жылап көкке қош бол, қош аман деген,
Жеті қарақшы жын буып жебесін сайлап
Кеңістік – үрей, қорқыныш, қос оба мекен.
Тірлікке тойып астамсып мастанған ба адам...
Басы бітпей жатып аяғы басталған заман,
Кең әлем толы – шашылып жұлдыздар аққан
Жер теңселген, ай құлаған, тас-талқан ғалам.
***
Есіме түсірейін біріндеп тек,
Ай-сәуле сипағандай бұрымды ептеп.
Жанында төсегіңнің тұрып қалғам
Демігіп екі иінім дірілдеп кеп.
Бойымда қаным теуіп лапылдаған,
Дес бермей асау сезім ақыл қалған,
Біресе от боп жанып кейін кеткем,
Біресе от боп жанып жақындағам.
Содан соң айрылғанмын тілден-күйден,
Түнде де ақ дидарың күндей күлген,
Не болды сонан кейін айта алмаймын
Не болды одан әрі білмеймін мен...