25.07.2022
  293


Автор: Орақ Байғалиев

ӘКЕМНІҢ ҮЗІК СЫРЛАРЫ

«Махамбет Өтемісұлының туған жиені Байғали Есболайұлы –
«Адай көтерілісі» сарбаздарының бірегейі».
«Адай көтерілісі», 2010 ж. I том. 301-бет.
Ілкі үзік
Шешемнің аз үмітін үзем күнде,
Жабағыдан жетпеймін күзем жүнге...
Бес жасармын алам ат шаужайынан
Аш бөрідей жабысам үзеңгіге.
Бейуақытта жолаушы келе қалған,
Қымыз ішкен жұрт тыныш – ел аманнан,
Отқа қойған тұғыры табан асты
Иесіне мінгізбей белең алған...
Қайығымда білмеппін ескек кемін,
Әкем болса... таяқ жеп, мес боп па едім?
Аждаһаның аузынан апан қазған
Балалық шақ – еркелік не істетпедің?!
2-ші үзік
Тауым биік, даламның көлемі есте...
Тынам қалай тыншитын өлі емес пе?
Құдай берді, шаң шықса қуанамын –
Шыға шабам – барымта, төбелес не?..
Қайрат, мінез әркімнің қорған-қолы,
Арқамда нән жыланға дорбам толы,
Жолбарыстың жыртар ем жон терісін
Біздің жақта сыңсыған орман жоғы.
Жұрттың бәрін жүрісім сезікті еткен,
Ойнамаймын баламен – кезіп көппен,
Он үштегі отаудың иесімін
Ауылдағы, қырдағы безіп кеткен.
...Бір жан көптен үйінде – сал жататын,
Әлі мініп көрмеген балдақ – атын,
Шалқасынан қарайтын шаңыраққа
Қара бұлтқа, ақ бұлтқа алданатын.
Ойланғанмын қияға – тауға барып,


Бауырайы бұлаққа, бауға қарық,
Абы жылан апанда ысқырады
Басы әйкелдей, құйрығы қауға ма – анық.
Алқымынан ап міндім желкесіне,
Орамақ па, ұрады бел – төсіме,
Көмейінен суырдым айыр тілін
Бөрі – көңіл сескеніп селт етсін бе!!
Мені алмақ боп дұшпан мен ұры адасты,
Жіпсіз байлап құрадым құрамасты –
Есігінен жібердім Әбжыланды
Жатқан адам, аһ! – деп тұра қашты...
3-ші үзік
Шығарғанда соқпа дерт бар ашуды,
Сана – шулы, бойдағы жарасы улы,
Біздің үйге ілбіген біреу кірді
Іше берді келгеннен қара суды.
Шешем айтты: ауруы жаман – жұққан,
Үзім азық әл – сауға – аманға ұрттам...
Өлгендерді екеулеп көме бердік
Ешкім қалмай ауылдан – тамам жұрттан.
Жаратқанға бересі, аласы кім,
Көкірегіме қадаған дала сұғын,
Ата – қыран жоқ, анам – ана-қыран
Мен – тас түлек, он бесте баласымын...
4-ші үзік
Жолды басқа Алладан нұсқап па екен,
Түрме болған туған жер – қыспақ мекен,
Үйге келсем, іші ойран опыр-топыр
Аға-жеңгем, анамды ұстап кеткен.
Жаңа шыққан кезімді он алтыға,
Баға жетпес әр сәті сом алтын ба...
Бәріміздің теңемек санамызды
Айналдырып алмақшы қоғам құлға.
Теп-тегіс тең – бай-кедей қалта-қарын...
Дайындаған көнбесе балта – дарын...
Айдаушыны ортада қуып жетіп
 Атын міндім тартып ап алтыатарын.
Жаудың көзін жоятын Жоямерген –
Ұйықтап жатып ұсталдым... оянар ма ем...
Қарсы алдымда қарасам, айдаушым тұр
Мен өлтірмей баяғы қоя берген.
Батырмын һәм палуан, – кем бе атағым,
Ойластырып жүрмесін пенде қамын...
«Келесі де кезіксең атам» – деді
Айттым: «маған жолықсаң, мен де атамын»...
5-ші үзік
Күйдіремін күндерді он сегізге,
Ақ қыс – ақ құс шүйіліп қонса күзге,
Қалың әскер қаңғырып ауыл таппай
Тумысынан томырық тоңса түзде.
Бұл заманда жалшы ма төре ме кем?
Үйде адам ба... далада бөрі егемен,
Қуып ала жөнелдім құламаға
Ойға ойысқан аттарын өрелеген.
Дүбір жосып ағызып түсті қырға,
Ұмтылады көп мылтық тісті тыға...
Винтовканың оқтары асып кетіп
Аю-тоннан өтпейді құсбытыра.
Қаратпай бет қабады – қар ашуы,
Ат сауырының ағады қара суы,
Басып келем, қолда тек дойырым бар
Бағытым – шың ұшпа мен жар асуы...
6-шы үзік
Қырға шығам кісі боп жоқ қараған,
Астымдағы Жараукөк – тоқ тараған,
Қоғамдардан қоғамға өткен кезде
Тартқылыған жан-жақтан көкпары адам...
Аума-төкпе, береді кім батасын...
Қасымда жан қалмады мұңдасатын,
Түн ұйқысын ұмыттым-тыныштықты
Уақытты ұмыттым – күн датасын.
 Жүргізе ме жайыма жала жөнге,
Елін сүйген ер жігіт талабы өңге,
Әскер басы атыма қызықты ма –
Жаяу қалдым құла түз-ала дөңде.
Әуедегі бүркітке болдым сыңар,
Сағым үсті шайқалса толқын шығар,
Кемелерде сорайған мачталардай
Келе жатқан байқасам шолғыншылар...
Сәлемімді қасына таман... бердім,
Жығылсам да жатсам да маған жер мін...
Аудардым ер-тұрманын тартпасынан
Арқасына қарғыдым Қабанкердің.
Көлегейлеп өлкемнің шаң-торқасы,
Дауыс жетер, оқ жетер маңда ор тасы,
Алдым-артым, жан-жағым бұрқ-бұрқ
Қабан аттың қайнайды қан-сорпасы...
7-ші үзік
Мың ба, жүз бе – болжатпас көш қарамы,
Өмір-өлім ұзартпас өш пе араны,
Қосақталып қос құзғын – аэроплан
Төбемізден құяды бөшке дәрі.
Бөлектеніп ішкен бал у демеп пе ел,
Көңілімнің көгінде, ту, медет бер!
Қақырады қара қан қосқат ойлар
Қыр басынан сарнаса пулеметтер.
Жусан қызыл, жол қызыл, жүлге қызыл,
Мына зауал-зұлматтың діңгегі зіл,
Дүниеге үйімде келген едім
Жат қолынан біте ме түзде ғұмыр.
Ақырғанда аяздың қу шұнағы,
Зеңбіректер дауысы ушығады,
Түйе үстінде босанып келіншектер
Белдерінен бұрқ етіп бу шығады.
Көкірегім күн құмар, жарыққа асқақ,
Мен емеспін ұрыста ғаріп – қашқақ,
Есе бермей сол жерде өлгім келді
 Бұрымыңнан сені ұстап жарып тастап...
8-ші үзік
Таразысын жалпының жалқы басар...
Жанарында шоғына жалт ұласар,
Тағы түзде құр жүрген құрық көрмей
Аспанқұла айғыр асау алтыжасар.
Оғаш істі көңілім бастауға мас,
Жиырмадамын – басыма бассауға қас,
Аңызақ пен аптапты жарып өтіп
Аспанқұла қойғаны астауға бас.
Тітіретер тұлпарда екпін бүлік,
Қамбар ата иесі тектім – күлік,
Құйрығынан тартып қап жібердім де
Тұрғанынша үстіне кеттім мініп.
Басын тығып, тулады бұтын асып,
Жабысы емес жылқының жұты жасық,
Көкке жетті шыңғырған құлан даусы
Иірілді үйірі құты қашып.
Мен де атамның күшіне күпті ұлы-ары,
Тағдырдың да шік бірде бүк пе ұраны?
Маңдайымен өкіріп жер сүзеді
Екі артына шаншылып тік тұрады.
Төбем қайнап, қазанға ұсап-қаным,
Өзім-қанжар, жоқ сәйкес пышаққа қын...
Қос қолтығын өкшеммен тіредім де
Қара санын қапсыра құшақтадым...
9-шы үзік
Аямады түбірді, көк шыбықты,
Дауыл айдап халықты – көпшілікті,
Жығылмаған үй ғой деп кіріп едім
Төрі, есігі тұтасқан шөп шығыпты.
Маңдайымды межелеп тарттым тағы,
Кезі бар ма жанатын мәрттің бағы,
Аман ердің қашанда аты шығып
Мақтан етіп жүрер ме артқы ұрпағы.
 Өкпемдегі қағады өзек безек,
Көмейімді көсеймін көзеп-тежеп,
Сар желіспен шалғынды шалып құлам
Екі жақтан үзеді кезек-кезек.
Өзім, әкем, атамның күс-ті қолы,
Бұралаңға бағытым түсті жолы,
Түйіп алған беліме бес жүз оқ бар
Суымайды мылтығым стволы...
10-шы үзік
Қолым буып мінгізді нарға жайдақ,
Қайда апармас адамды арман айдап,
Аяғымды төсінен шалып алды
Қапы қалған қыранды қарға байлап.
Үйге қамап оңаша күзет қойды,
Бармағымды шештім де түзеп бойды,
Шаңырақтың ұстадым желбауынан
Кезі келсе қылатын біз ек тойды...
Балапаным буыны бекімеген,
Айдынға әлі шықпаған екі кемем,
Жан жарыма: бір жолға түстім, - дедім
Бітетінін білмеймін шеті немен.
Ата қоныс, баба жұрт, бет түзедім,
Жұлдыз жұлып, күн шайқап, көкті үземін,
Аспанқұлам астымда аман болса
Қос құлыным, жарымды жеткіземін!
Барар жерім, басар тау меже кеңде,
Қаршығамды қондырам кебежеге,
Бес қаруым бойыма түгел ілем
Не істемес ер келгенде жеме-жемге.
Дұшпаны аз ба жақсының, жаты шағын?
Ақ пен қызыл – шығысым, батыс ағын...
Көлденеңнен атымды жығып тастап
Етпетімнен ерте-кеш атысамын.
 Ықылықтап... оқ тиді бір балама,
Тамақта ажал айналып тұрған ара,
Көз тастады әйелім ақтық рет –
Үлесінен ол да алар құр қала ма...
Жау жолында шөккен мен қара бура,
Тәнім тасқа айналған, сана бу ма?...
Кеудемдегі ұңғыма от саламын
Қорғасынды суарам налама-уға.
Жауды таудан, ернектен құлатпадым,
Төмен қарай ағады бұлақ-қаным...
Жастығымды осылай өткеріп ем
Өмірімнің бастауы – ұлы ақ таңын.
Ақырғы үзік
Соққан заман балғасы – қара төсі,
Тоқтамаған, тоқтамас дала – көші...
Өзім атам шежіре – тақ-тақ Еңсеп
Ер Махамбет – шешемнің қары әкесі.
Сөзімді айтар, ісімді жаршы – дала,
Бұзып өткен кезім көп – шаршына ана...
Құс ілдірсем деп едім қырға барып
Капияда оққа ұшқан қаршығама.
Күніме кеш, түніме таң қосамын,
Кетер емес ойымнан қан жоса – мұң,
Арыздасып қалуға үлгермеп ем
Қапылыста мерт болған жан – қосағым.
Бауырыма құрағын басқан бұла,
Әлі талай шығар-ау тастан тұма...
Шырт ұйқымнан оянып құлақ тігем
Кісінейтін сияқты Аспанқұла...





Пікір жазу