25.07.2022
107
Кең далада демімді алып отырып...
Кең далада демімді алып отырып,
Тасталынған іншік көрдім опырып.
Айналасы құжынаған тіршілік,
Әрекетте құрт-құмырсқа топыры.
Көздің жауын алған аймақ бояуы,
Былтырғыдан қалған шөптің сояуы.
Биылғы өскін жерді жара шығыпты,
Әріректе мал жаюда қой ауыл.
Басылғасын үркек көңіл желігі,
Ой орамы сан-салаға бөлінді.
Өзімді өзім біржолата босаттым,
Кеуде тостым шамалына желінің.
Көңіл күйдің асып тасқан алаңы,
Әйткенімен аңсайды екен даланы.
Көкке қарап иманымды үйіріп,
Тымырықтан ажыраттым сананы.
Атар таңға кеткенім не кірігіп,
Әке шешем келетіндей тіріліп.
Асығыста көзді тырнап ашқаным,
Дедім бе екен түсінбедім ірілік.
Өз әлімше боламынмен аққа жақ,
Мән бермеппін өтіп жатқан аптаға.
Дегенімен тұғырымда тұрақтап,
Қалғаныма ерекшелеу мақтанам.