25.07.2022
109
Ашық айтсам орағытпай ойымды...
Ашық айтсам орағытпай ойымды,
Нәтижесіз іс-қимылға тойындым.
Қалған жерде ережеге сүйеніп,
Ортасында өзім жүрем ойынның.
Алғанымды заңдастырам еншілеп,
Шахталарды қазғылаған кеншідей,
Малдарымды өзім бағып, қайырам,
Мұндалаймын мынауым деп меншігім.
Бар мақсатым арманымды асыру,
Бұл арада ештеме жоқ жасырын.
Бала мінез аңғалдықты көресін,
Ұтқанымен нақтылайтын асығын.
Ел арасы жеткілікті тілеулес,
Арасында кездеседі реңдес.
Барлығына мүмкін болмас жағыну,
Не болғанда ұмтыламын білем деп.
Ойлау жүйем бабалармен сабақтас,
Тумысымнан жасар ісім қазақша.
Қажетіңді осы арадан іздейсін,
Тіл білмесең түсерің қақ азапқа.
Тілді, ділді, дінді қойғам биікке,
Қойдың еті жақсы-ау жесең үйіткен.
Бірақ оны дайындады кім қашан?
Беймағұлым соған қозам күйіктен...