25.07.2022
143
Араңызда жүргенге қаңғалақтап...
Араңызда жүргенге қаңғалақтап,
Адам екен демеңіз жанға жақпас,
Үйлесімге үңілем тереңірек ,
Ел қатарлы қойғанмын алға мақсат.
Суық қару сақтаман жең ішінде,
Айта алсаң келісем кемісіммен.
Бірақ ақыл сұрайтын азамат бол,
Аяқтамай сөзіңді жеп ішумен.
Адалымен төгілген маңдай терің,
Шашыраса тарыдай жанбай көргін,
Аңғалдықтан көргенім жеткілікті,
Енді қарай түсемін қамдау жерді.
Көкіректің қыжылы кетер емес,
Болмашыға жасамаң бекер егес.
Өгіз қара күшімді пайдаланып,
Енді іздеп бастадым жеке белес.
Қуанамын жағдайы теңелгенге,
Қуанамын маңдай тер еленгенге,
Қуанамын аста төк жетістікке,
Қуанамын халыққа кемелденген.
Қабағымның ашылып, жабылғанын,
Солайынан өзгертпей қабылдағын.
Артық кемім күмәнсіз алдыңызда,
Әжетімде тал қажау табылғаным.