25.07.2022
108
Қаламгерге бәрібір таңның алды...
Қаламгерге бәрібір таңның алды,
Ақ параққа қаламын жанғылайды.
Түніменен міз қақпай отырғанда,
Кейде тіпті жазуың мандымайды.
Көңілдерді дегенде тапсам дейді,
Мадағымен серпілтіп жатқан елді.
Қызығымен халықтың бірге болып,
Салсам дейді араға ақтан белгі.
Басқашалай мақсат жоқ ақындарда,
Асыңды бер жер таны атың барда.
Шығармаға шырқырап шырай беріп,
Жатса болды оқырман татымдарға.
Қайсыбірін кезеңмен салыстырып,
Бақылағын жақыннан алыс тұрып.
Құлжа шыңның басына шыққанымен,
Айналасын кетпейді қабыстырып.
Шабындықта жиналған шөмеледей,
Әр шумақты орнына шегелемей.
Жақсы өлең туады дегеніңе,
Ешқашанда сенбеймін неге деме.
Білгің келсе,ақынның ақындығын,
Білгің келсе ақынның батылдығын,
Арқыраған жырынан қуаттанып,
Сезіне біл етене жақындығын.