
Жайылғасын жалпыламай сыр көпке...
Жайылғасын жалпыламай сыр көпке,
Ылайықты болған қандай құрметке.
Әр адамның жеке сыйы болады,
Оның өзі түсінгенге бір мектеп.
Боп жүрмесін жас баланың ойыны,
Өмір деген сахыналық қойылым.
Әр қадамың сырттағыға белгілі,
Байқамасаң сілтеуі әбден сойылын.
Кертартпаның кеңістікті көрмеуі,
Өз бетімен бітер іске ермеуі,
Шапқылаған епетейсіз астаудай,
Ерініңді жырғылайды ернеуі.
Тұғырдағы тыпыршыған қыранды,
Ақын дерсін отырған бір жыр аңдып.
Томағасын сыпырып кеп жіберсең,
Көкжиекті жіберердей ұранғып.
Болмағанмен тәуіп, балгер, көріпкел,
Кемпірімнің айтуынша көрікті ем.
Бала-шаға бірі тыңдап, тыңдамай,
Бүгін жаман шалға айналдым еріккен.
Көңілдерді құзар шыңға теңестір,
Мен сияқты сыйламайды сені ешкім.
Торыққаннан айтып тұрмын барымды,
Қыршаңқыға пайдасы жоқ кеңестің.