25.07.2022
  86


Автор: Серікбай Бердияров

Кезіккен сайын ауыл аймақтың баласы...

Кезіккен сайын ауыл аймақтың баласы,
Іштегі сырды ақтарысамыз таласып.
Ел жұрттың жайын ортаға сала отырып,
Балалық күнге барып қайтамыз бал ашып…
Жаңғырып қайта жаңа да күндер,көне де,
Барып қайтамыз бас қосқан сонау төбеге.
Махабатқа да мәз болып масаң көңілмен,
Телегей кешіп,мінеміз әппақ кемеге,,,
Сыныптас қыздар шығарма сірә есіңнен,
Еркелей келіп есепті бізден көшірген?!
Сабылып жүрер сан соққан күндер қаншама,
Айта да берем,
Айта да берем несін мен?..
Үйленгеніміз,
Күйлегеніміз бәрі есте…
Өзгердік,өндік,
Өмірге келді нәресте.
Қара орман болар қара жерге еккен жалғыз тал,
Егін де болар,дақыл да болар дән өссе.
Асық та ойнадық,
Ғашық та болдық әр қызға.
Қауыз да жардық,
Қауын да жедік,қарбыз да…
”Ауру қалса да,әдет қалмайды”екен ғой,
Әпкесі жоқта айтамыз әзіл балдызға.
Ауылдан келген аңғал да саңғал досым-ай,
Өтеді-ау өмір,
Озады-ау күндер осылай.
Аңсарым ауған анамдай болған ауыл-ай…
Қазымыр қарттай қаланың мынау пошымы-ай





Пікір жазу