25.07.2022
  183


Автор: Қалбай Әбдіраманов

НАН

Ірілер кетіп барады,
Ірілер кетіп барады.
Өлілер асқа тойынып,
Тірілер кетіп барады.
Төрдегі нанды алам деп,
Мәңгілік болып қалам деп,
Інілер кетіп барады...
Қудың да сенен қуы бар,
Ол нанның айқай, шуы бар!
Қолыңды созба ол нанға,
Ол нанның заһар, уы бар.
Ол нанда, қарғам, ылаң бар,
Қорыған оны жылан бар,
Әуселесін оның, әлеумет,
Өтемісовтан сұраңдар.
Шөлдейсің сағым,елестен,
Шығара көрме соны естен:
“Шаһнама” жазып ол Нанды,
Фердоуси кеткен жеместен...
Келгенше қолға со қырман,
Жамбылың жүз жыл отырған.
Дантеске барған адасып,
Иесін таппай соқыр нан.
Ақындар өткен жалаңаш,
Пайғамбар да оған қарамас.
Бұл нанға өлгің келмесе,
Қолыңды созған жарамас.
Өлесің онда шатылып,
Кетесің алсаң атылып.
Қасында, қалқам, ол нанның,
Жолбарыс жатыр ақырып.
Әбжылан жатыр иреліп,
Бала-шаға болып, үйленіп.
Алам деп оны батырлар,
Найзаға кеткен түйреліп.
Пісесің ол деп тандырға,
Төзесің қарға, жаңбырға.
Ол нанды, қарғам, жеп болып,
Жатуың қиын шалғында!
Жығылған сол деп Сарайлар,
Қор болған сол деп Мамайлар!
У жағып қойған сол Нанды,
Жегеннен өлген Абайлар...
Мен дағы қатты шошынам,
Шошынып қалай тосылам?!.
Лермонтов деген баланың,
Аузында кеткен осы нан!..
Бруно отқа өртенді,
Қаншалар содан ерте өлді.
Боласың, қалқам, даңқты,
Түбірге қойып желкенді!
Жаралдық біздер адамнан,
Жаралдық біздер адамнан,
Қудырып бізді жаннаттан,
Қай жақта жүрсің, арам нан?
Қой бағып жүрміз сен үшін,
Ой бағып жүрміз сен үшін.
Алам деп менің нанымды.
Бастырып келген немісің.
Ойлану керек есі бар,
Ойлану керек есі бар!
Қолымда наным болмаса,
Шыңғыстың менде несі бар?!.
Ашынан өлген жануар,
Сөзімнен мені танып ал!
Әбдірамановтың қойнында,
Үп-үлкен күлше наны бар!..
Қолдары жетпей бұ нанға,
Молдалар мінген Құранға,
Қол созған әскер құралға,
Түлкілер түскен бұлаңға,
У, заһар біткен жыланға,
Қанаттар біткен қыранға,
Тұяқтар біткен құланға,
Абайға дүре соқтырған,
Қойнында жүрген бір АЛМА!
Қайғыдан өлген бұл Асан,
Келмейді қайта жыласаң.
Көбірек, қалқам, жасайсың,
Кішірек күлше сұрасаң!
Шекара шыққан сол үшін,
Қазаққа келген орысың,
Көшпелі болдың, қазағым,
Бұйырмай ата қонысың!
Нан берем деген сөзге еріп,
Тілің де кеткен өзгеріп.
Тас атқан туыс туысқа,
Сол үшін жынды көзденіп!
Ортаға түскен Қызыл-ай,
Ортаға түскен Қызыл-ай!
Тоқтықтың қыңыр, қисығы-ай,
Аштықтың оқтай түзуі-ай!..
Жетемін соған, жетем деп,
“Мен – қазақ” деген көкем көп.
Мақатаевты шеттеткен,
Қолымнан наным кетер деп!
Таласқа түскен тақтар-ай,
Құзғынға біткен бақтар-ай!
Әлсіреп жатсаң, Әділдік,
Қайтейін сені жақтамай?!.
Қазақтан қалған қайраңдар,
Атамнан қалған айнам бар.
Шыңғыртар едім шындықты,
Қолдайды қайсы Пайғамбар?!.
Ірілер кетіп барады,
Ірілер кетіп барады.
Өлілер қайта тіріліп,
Тірілер кетіп барады.
Төрдегі нанды алам деп,
Мен өзім аға болам деп,
Інілер кетіп барады..





Пікір жазу