ҚАШАҒАН ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ
Ақын едің әманда асқақ үнді,
Лайықтау,мінекей,тас табылды.
Тас табылды үлкендеу-Маңғыстаудан,
Көтеріңдер,қазақтар, бастарыңды!
Қазақ тасты аяй ма Қашағаннан,
Көше толып жатқанда тас-адамнан..
Жалқау болған бүгінде мүсіншілер,
Жүрген шығар ерініп жасағаннан...
Шаршаған ғой қашаннан қажап,өріп,
Ақыны өлмес!Кетпесе қазақ өліп...
Біреулерді биіктен төмендеттік,
Астындағы топырағын қаза беріп...
Бірі төмен тастардың,бірі-биік,
Төмен болу тасқа да тірі күйік!
Біреулерді орынсыз биіктеттік,
Табанына тастарды қырып-үйіп!..
Ілтипатты өлшейміз тасқа қарап,
Биктерді жүреміз баспаналап...
“Қашағанның бойындай кішкене”...деп,
Енді біздер күлмейміз масқаралап!..
Тұғырыңда тұра бер тұлға болып,
Ешкім саған “түс” демес мұнда келіп.
Өкіметке рахмет,бір биігін,
Мына бүгін отырған жырға беріп!
Ел деу керек иықта басың барда,
Тас табылса,үйіңдер асылдарға!
Дар тіктесең,биіктеу жерге тікте,
Жерге тимес аяғың...
Асылғанда!..
Аса қалған кімің бар Қашағаннан,
Тілек тіле,бой тіле Жасағаннан!
Шамшыл ақын Қашаған-қамшылы ақын,
Құлағыңды болмайды баса қалған...
Ауыр жүгі халықтың-ақындарда,
Жүгінеді ел соған қапылғанда...
Қызықпайды ақындар тағың менен,
Өзің түсіп бермесең,атың барда!
Ақындарды қозғайтын басқа тылсым,
Ақын жайлы басқалар бас қатырсын!..
Қас сұңқары Қашаған Маңғыстаудың,
Ұшайын деп ұмтылып таста тұрсын!..
Түсіне гөр,қазағым,түсінегөр,
Ақын өзі бір отқа түсіп өлер!
Қалам алып қолыма нем бар менің,
Бір ақиқат енбесе түсіме егер.
М е н дағы бір кішкентай өкіметпін.
(Жазып жүрген сөздерін көкіректің!..)
Мынау елдің ақиқат ел болғаны,
Жіліншігі тоқ болса жетімектің!..
Көрген жоқсың! Тағдырдың несін көрдің?!.
Қор болғанын көргенсің есімдердің!
Мынау елдің ақиқат ел болғаны,
Мұң мен Зары тыңдалса жесірлердің!
Жанатұғын отқа мен жақын бардым,
Шатылам деп ел үшін шатылған күн.
Тозып қалған хандарға күлемін мен,
Табанында тас көрсем ақындардың.
Елім деген айналдым қос ағадан,
Күндіз-түні тапжылма осы арадан!
Ақ Сарайдың алдында ақын тұрса,
Орын тиер бізге де босағадан!..