ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫМЫН...
Сен маған опалы бол, қасқа өлеңім!
Сені деп өмір бойы аш келемін.
Жүрегімде бар соған ашу-ыза,
Тау жағалап, өлгенде таста өлемін!
Сен маған опалы бол, қасқа өлеңім!
Мықты бол тырнағындай тас кененің.
Етекте көлді былғап жатқандарды,
Мен әрине өзімнен пәс көремін.
Бақа жүр мені ылдиға түсірем деп,
Сайыздың сор суынан ішірем деп.
Сайрайды шалшығында көлбақалар,
Біз көппіз, бізден сәл-пәл кіші бол деп.
Шабақтар шақырады балық бол деп,
Қосылып біздерменен халық бол деп.
Қарғалар шақырады, сүрінгенде,
Көзіңді шұқиын бір, алып кел, деп!
Сөйлейді бәрі елдің атынан кеп,
Біреулер соғып кеткен сатыдан кеп.
Құзғын отыр бұтада тісін шұқып,
Мертілсең өлексеңді қатырам деп.
Жылан кетіп барады иретіліп,
Шаян кетіп барады сүйретіліп.
Айға қарап көгілдір аспандағы,
Үреді ит қауіпсіз үйде тұрып.
Шақырады бақалар мында кел деп,
Барқылдап, басты бізге ырғап өл, деп.
Мен егер биігімнен құлар болсам,
Қалады-ау осыларға қылған еңбек.
Биіктен соның бәрін көз іледі,
Бар барлық мақұлықтың өз реңі.
Өрмелеп асқар тауға шыққан сайын,
Бұл тірлік төменірек сезіледі.
Шікірейіп бастық тұр шақырымда,
– Сен маған келесің, - деп, – ақырында! –
Кеш болса тізеңді бір бүктірем деп,
Қояды қазан тұтқан қатының да!
Қоя тұр кекпіріңді тақылдатпай,
Күйдірерсің көп болса жақындатпай!
Бәріңнің де бір-бірден мылтығың бар,
Қарамерген, тұра тұр ақынды атпай!
Қосатарын құзғындар көздеп отыр,
Әзәзілдің жазғанын сөз деп отыр.
Қалыбайға қояды қарап-қарап,
Қаситұғын таба алмай өзге қотыр!
Іздегенге табылар апат, айып,
Күт ендеше түскенше тақа тайып!
Біраз өлең қалыпты Қалбайға да,
Бәрін жазып үлгермей Мақатаев!
Қайран халық – ішкені айран халық,
Ірің кетіп, қойыпсың майдаң қалып.
Қораңда маңырайды тағы қошқар,
Бір қарап көр қолыңа айнаңды алып!
Қазақтың баласымыз өлең көрген,
Қаймығып тауға шықтым төмендерден!
Енді мен сол биіктен түсейін бе,
Азабым жетпегендей сенен көрген!
Шыққанмын азығымды мол өңгеріп,
Бәріңді өткір көзбен келем көріп.
Ел-жұртым!
Биікке өзің қол созбасаң,
Түспейді ол биіктен өлең келіп!