25.07.2022
  113


Автор: Қалбай Әбдіраманов

МЕН САҒАН КЕЛ ДЕМЕДІМ...

Мен саған кел демедім,кет демедім,
Қырқымда қылымсуды жек көремін
Қара тас күнге қарай мөлтеңдейді,
Үстіне көрмей шөптің көктегенін.
Мендей боп жұрттың бәрі тілесе еді,
Үстіне қара тастың гүл өседі,
Күндерге өліп кеткен лажың жоқ,
Бар күннің табылады бір есебі...
Көктедім Қарауымбеттің сорында өсіп,
Ешкімнің жүрмейін деп жолын кесіп.
Кемді күн кешіге тұр, қара табыт!..
Орнымен жанған жақсы,орынды өшіп.
Өмірдің жетпей жатып ширегіне,
Қоңыздар күл тасып жүр қорегіне,
Баяғы арулар жоқ күтіп тұрған,
Бізге осы көп жасаудың керегі не?!.
Қызулы махаббаттан,жырдан өштім,
Қуатты Төлегендей тұлға емеспін.
Бізге осы көп жасаудың керегі не,
Жоқ біз деп есік қағып тұрған ешкім.
Қолымнан инем түспес жамаймын деп,
Көп үйді үйді таяқ жедім жанаймын деп.
Айырылып Айсұлудан жесір қалдым,
Көзіне Күнсұлудың қараймын деп.
Өмірде сағынасың,сарыласың,
Дос па деп дұшпаныңа жарыласың.
Кей-кейде өз жұмысың шала бітер,
Біреудің тындырам деп шаруасын.
Жүрер ем ортасында хандық етіп,
Бірталай құрдастарым қалды кетіп.
Сендер де жаусыңдар ғой,сөз тыңдаңдар,
Кемді күн... жүрерсіңдер әңгіме етіп!.





Пікір жазу