ЖАН ДОСЫМ
Мұқалмай мықты тау-мүсін,
Жан досым,аман-саумысың?!.
Мен саған аңсап келгенде,
Сен дағы маған зармысың,
Көзінше жұрттың қорс етпей,
Елге ұқсап өттің ерсі өтпей,
Жетелеп шықтың аулаққа,
Жылағың келсе көрсетпей.
Шаршаған жоқсың пайда ойлап,
Семірген жоқсың май байлап.
Жетелеп шықтың аулаққа,
Жылағың келсе айғайлап.
Пенделер болған кіріптар,
Һаққа да менде күдік бар.
Жиһанда мынау қалған жоқ,
Біз сыбырламаған құдықтар!
Үстем боп жатыр аюандар,
Аяққа таптап....
тойғандар.
Жиһанда мынау қалған жоқ,
Біз сиынбаған пайғамбар.
Мөлдір су керек бау-баққа,
Ақ жауын керек тау жаққа.
Екеуіміз барып еңіреп,
Қайтайық,досым,аулақта!
Жаратамыз деп жаңа айды,
Көңілдер қанша қарайды.
Лапылдап біздер жанбасақ,
Күншуақ қайдан тарайды?!.
Жазылар жара- емдесек,
Азаяр қате- жөндесек.
Біздерді білсін ел қайдан,
Құлпырып тасқа өнбесек.
Түзелер қисық-оңдасақ,
Пейіліміз жаман,оңбасақ!..
Еліміз қалай ел болар,
Өзіміз атқа қонбасақ?!