25.07.2022
  95


Автор: Қалбай Әбдіраманов

СЕН КЕЛГЕНДЕ...

Сөз айтпасың белгілі, үндемесің,
Мен мұңайсам сен қайта гүлденесің?!.
Сенсіз маған дүниеде жасау қиын,
Сен менсіз-ақ,аяулым,күн көресің!..
Қайдасың,қарлығашым, қияқ құсым,
Зерекпісің бұл күнде,зиятпысың?!.
Мен сені сартап болдым сағынғаннан,
Сен тіпті сағынбайтын сияқтысың.
Сарғайып түстім талай сергелдеңге,
Көзтүрткі болдым сырттан көргендерге.
Албырап екі-үш жерде домаладым,
Кездейсоқ есік қағып сен келгенде.
Кеудемді қарс айырып,соқ барабан,
Қос жанар,мен сендікпін,шоқ тараған!
Аяулым,жаудан көрмей сенен көрем,
Аттан аусам майданда оқ бораған!
Ел мен жұрт тағдырымды көріп білсін,
Мен қалып,сен тарихқа еніп тұрсың.
Бір ғұмыр сабылдырған екеумізді,
Көрші қып кесенеде жолықтырсын!
Жақсы көп мекендеген аспан астын,
Мен сені үйреніскен тастамаспын.
Елуге келгенімше іште сақтап,
Алпыста есіміңді тасқа бастым.
Қыпша бел,көзден кетші бұратылмай,
Әрбірің арманымдай,мұратымдай.
Бір ғұмыр махаббат деп шырылдатып,
Балалық бастан кетті-ау тұра тұрмай.
Енді мен сарғаймаспын, сағынбаспын,
Көңілдің сырымды айтып зәрін бастым:
Қос тамшы кірпігімнен жас төгілсе,
Қасымда жоқтығынан қарындастың.





Пікір жазу