АМНИСТИЯ
Сағынамын мен сені, армандаймын,
Шуылдаған самалға ормандаймын.
Мен құдайға барам деп сақал сұрап,
Мүйізінен айырылған сормаңдаймын.
Мұнша неге әйелге құлағышпын,
Қызды көрсем елжіреп құрақ ұштым,
Әйел үшін барып мен өлімге де,
Дайын тұрған тамақты жылап іштім.
Жатырмын міне ауылда түрме деген,
Қабырғасы қарайып бүргелеген.
Аламын оңашада жылап-жылап,
Еске түсіп етегің бүрмелеген.
Бір қара қыз тұр маған сақшы болып,
Жақсы көріп барамын, жақсы көріп.
Қара құлып, ортада темір есік,
Мен жатырмын карцерде қақсып өліп.
Мүмкін білмес бастықтар, мүмкін білер,
Мен қозыдан жуаспын, құлқымды көр!
Қапталыңда бес минут отырайын,
Айналайын, қарындас, кілтіңді бер!
Сосын мейлің... тау қашап, тас үктірсең,
Қашып кетер едім ғой, қашып білсем.
Еркің бар ғой, қолыңда кілтің бар ғой,
Айналайын, қайтеді ашып кірсең?!.
...Әттеген-ай, мен мұнда қайдан түстім,
Сиыр бағып, келеді айран піскім.
Қара құлып арада, темір есік,
Лажы не бұлқыған қайран күштің!
Коридорда ешкім жоқ қыздан бөтен,
Тастан суық ол дағы, құздан бекем.
Қарайды глазокқа күмәнменен,
Сорыма өзі де бір ожданды екен.
Қараймын қара қызға жалынышпен,
Шығады әрбір демім жанып іштен.
Есігіңді сәл-пәл аш айналайын,
Өртеніп барамын ғой сағынышпен!
Мені ондай деп ойлама!
Басқарақпын!
Аман шықсам қылмысты тастамақпын.
Қазір тек құмарлықтан өліп барам,
Қой көрмеген қасқырдай ашқарақпын.
Қапталыңда бір сәтке жылынайын,
Күнім, Айым!
Ертең мейлі... түбірден жұлынайын!
Сағыныштан әйелге... күйіп барам,
Кілтіңді бер!.. Қайтадан туылайын!
Тәттілігін дүниенің ұғынайын,
Сосын мейлі... Өмірден қуылайын!
Есігіңді қиялат!
Жаным, еркем,
Аяғыңның астына жығылайын!
Ертең таң ағарғанда атыламын,
Қалар жерде бір уыс топырағым.
Келші, жаным,
Қасыма келші менің,
Білдірместен... мен саған сатыламын!
Тұрқымды көр,
Ішімді,
Сыртымды көр,
Маған ұрлап оңаша бір түнді бер!
Ашқым келіп барады, ашқым келіп,
Айналайын, ақсәулем, кілтіңді бер!
Мен саған әке дейін, көке дейін,
Ұят болса күнәңді көтерейін.
Аман шықсам басыма некелейін,
“Жаным” дейін, жейтұғын наным дейін,
Содан басқа мен саған не төлейін?!.
Сәл қиялат есікті,
Сұғынайын,
Аяғыңның астына жығылайын.
Күнім, Айым,
Мен де қыздың нелігін ұғынайын!..
Ертең мен жоқ боламын!..
Қыршын кетем!..
Есігіңді түсімде дүрсілдетем...
Аппақ айым,
Осы сөзім есіңде тұрсын бекем!..
Атылам...
Оқ тұрады көмейімде,
Бұл өмірден осылай жөнейін бе?!.
Қандай тәтті екен бұл әйел заты,
Ең болмаса... бір көріп өлейін де.
Шіркін халық!..
Жүреді жылтың қағып,
Тағы постқа келесің кілтіңді алып...
Мен өлемін таңертең
Жоқ боламын,
Құлпың қалып қояды,
Құлпың қалып!..
Ештеңе көрмегендей жылтың қағып,
Отырасың карцердің сыртын бағып!..
...Бұл тоңқылды іркейін соза бермей,
Жігіт, сен де тұра тұр қоза бермей!
Жаман сәт ең соңғы сәт - өлім алды,
Қыз да тұр осы маған маза бермей...
Мен енді халқым менен ойласамын,
Ойласпасам от пенен ойнасамын:
– Қайтейін елім-жұртым?!. Өлейін бе?!.
Жас тұр ғой кептетіліп көмейіңде.
Немесе “арестантты” аласұрған,
Ап шығып топыраққа көмейін бе?!.
Қой болмас!.. Мен ақынмын. Ақ көңілмін.
Келмейді оқушыма жат көрінгім.
Ажалға үш-төрт сағат қалған шақта,
Жетелеуін қараша тәтті өмірдің!..
Айналайын, қара қыз – сене білген,
Жасауды да біледі - өле білген!
– Алып шығып кете бер, жолы ашық,
Жігітке... Амнистия... беремін мен!
Амнистия!..
Өлімнен құтқарады,
Құлап бара жатқандар тік қалады.
Қыл арқан алынады кеңірдектен,
Басында дар ағаштың... жіп қалады.
Басында дар ағаштың... жіп қалады,
Мойынында ер жігіттің жүк қалады.
Адам болсаң бетті бұр игілікке,
Қандай жақсы... жаныңның шықпағаны!..
Өлмесең... қызға келіп үйленесің!
Өлмесең...
Бақыт тауып, сый көресің!
Жаныңды алмақ болған қыл арқаннан,
Өмірді қадірлеуді үйренесің!..
Рахмет арға дағы,
Дарға дағы,
Адамның жанына тең әр қадағы.
Мың алғыс, бас алғышқа – жендетке де,
Солардан шықпай қалған... жанға дағы!
Өлерде екі көзің алақтайды,
Қыл арқан тұра-тұрға қаратпайды.
Білмесең мейірімді, шапағатты,
Қара қыз табанын да жалатпайды.
Алдыңда тұр жайнаған сұлу өмір,
Ақ махаббат, нұрлы жүз, жылы көңіл,
Адамзатқа, білмеймін, не жетпейді,
Қара мынау жігіттің түріне бір!
Қазір ол қара қызға ынтығады,
Қазір ол махаббатқа ұмтылады.
Жасасын еркін әлем,
Тыныш өмір –
Құлып пенен кілттің ынтымағы!
–Ұмытпа! Ұмытпа!..–деп,–Бұл күндерді!–
Ару қыз жас жігітке кілтін берді.
Ашылып қара құлып, темір есік,
Алдында махаббаттың... тілкімделді.
Аңқайып кетті ашылып түрме деген,
Қабырғасы қарайып бүргелеген.
Ашты ол есіктерді жабық тұрған,
Кірді ол есіктерге кірме деген!
Кілтін беріп қара қыз аққа айналды,
Тас түрме мінетұғын таққа айналды.
Түрпідей тиіп менің құлағыма,
Түрме деген сөз енді жақпай қалды.
Махаббат күн екен ғой құдіретті!
Алдынан ғашықтардың Қыдыр өтті.
Берілді амнистия азаматқа,
Еріні ару қыздың күбір етті:
– Жігітім, бір түн емес-мың түнімді ал,
Менің де сен сияқты құлқыным бар!..
...Ұнады авторға да осы жауап,
Ғашықтар,құлпырыңдар,құлпырыңдар!
Жыртылғысы келгендер,жыртылыңдар,
Сырқылғысы келгендер,сырқылыңдар!
Айналайын ғашықтар, өмірге сәт,
Өйткені менің дағы қылтыңым бар!
Көңілім дариядай тасып кетті,
Тілін ол домбырамның басып кетті.
Жастардың өз қылығы өзі менен,
Сондықтан оңашаға...
Қашып кетті...
Мұндайда басқа не жоқ,
Төске не жоқ?!.
Ағады аңғарымен көшкен өзек!
Біледі қыз бен жігіт өз жұмысын,
Біз барып сығалайтын ештеңе жоқ!