Менiң жаным өмiрден мұң тiлемес...
Менiң жаным өмiрден мұң тiлемес,
Жұлдыз жанған кеудеме түн түнемес.
Мүмкiн емес өмiрде жалқы жасау,
Жар iздемеу өмiрден мүмкiн емес.
Қайғың менен төгiлтпей,тастырғызбай
Күт деп едiм көзiме жас тұрғызбай.
Өтермiсiң деп едiм алып менi,
Көкiрегiмдi тауменен тасқа ұрғызбай.
Бермедiң де ойлаған тiлегiмдi,
Жаңа шыққан нәзiк жыр,гүл-егiндi,
Тауға сүйреп,қия шың,тасқа сүйреп,
Тiлiм-тiлiм еттiң ғой жүрегiмдi.
Көндiм,жаным,еркiңе қинасаң да,
Кеттiм,жаным,қасыңнан қимасам да.
Өзi жамау жүрегiм өртенедi-ау,
Өзге қызға бүтiн деп сыйласам да.
Қылжақтаймын қыздарға көне ме деп,
Ыржақтаймын отыңды сөне ме деп.
Ебiн тапсам айтамын өтiрiк те,
Пәктiгiме бiреулер сене ме деп.
Менiң жаным өмiрден мұң тiлемес,
Жұлдыз жанған кеудеме түн түнемес.
Мүмкiн емес өмiрде жалғыз жасау,
Жар таңдамау өмiрден мүмкiн емес!..