25.07.2022
  127


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚҰТТЫ БОЛСЫН

Келiн отыр жiгiттiң қармағында,
Жiгiт отыр жүзiгi бармағында.
Құтты болсын мына той мәңгiбақи,
Келiн күткен қазақтың шарбағында!
Керегесi отаудың кең керiлiп,
Аққу отыр мамыққа көмкерiлiп.
Дүбiрлiсiн есiтiп мына тойдың,
Бабаларың бiр түссiн төңкерiлiп.
Қанаттанып той жасап құлыны отыр,
Ағайынның жүзiнде жымың отыр.
Немереңнен көресiң шөбере де,
Биiгiрек,кемпiр-шал,тұрып отыр!..
Жiгiт болып балалар сызданады,
Желiк билеп той көрсе қыз баланы.
Жақсы тiлек тiлейiн жамиғатқа,
Жақсылардың соңында iз қалады!..
Әрбiрiңдi қайтейiн санап шығып,
Жүздерiне қуанам қарап шығып.
Қос перiште көктегi қосылды деп,
Қос қолтықтан отырмыз қанат шығып!..
Құс жетiлсе қанатын қаға шығар,
Қанат бiтсе отаудың бағы ашылар.
Айта берсем ақ тiлек көп болмайды,
Тiлектiң де өзiнше бағасы бар!..





Пікір жазу