25.07.2022
  200


Автор: Қалбай Әбдіраманов

СТУДЕНТ ҚЫЗ

Сағынып мен тоғайдың наз құшағын,
Келiп едiм бұл жерге жазғысалым.
Қыздар көрдiм ақтарған ақ кiтапты,
Ақ көпшiкке тигiзiп әз құшағын.
Орманың да шалғытпай,ағашың да,
Көкжиекке көз салмай,ана шыңға.
Бiр ақынның өлеңiн оқып отыр,
Қатыгез емтиханның арасында...
Қара көздер қараса қиығынан,
Сәл күледi жымиып,миығынан.
Көп гүл отыр тоғайда – бiр қыз отыр,
Қолаң шашы төгiлiп...иығынан.
Мен де оған қиылып,жүз қарадым,
Сырымды оған бiлдiрмей сызданамын.
Қызғанбаймын мен оны бiреулерден,
Қолындағы кiтаптан қызғанамын...
Ол бiрақ та өзгенi аңдамайды,
Ол кiтаптан өзгеге паң қарайды.
Кiм болды екен авторы кiтабының,
Ұмыттырған аруға бар маңайды!..
Тұманбай ма,Сағи ма,Төлеген бе,
Не туралы жазды екен сол өлеңге!..
Қарындасым,сен жәйлi өлең жазып,
Сурет болып тұрайын керегеңде!..
(... Бәлкiм ақын әлгi қыз,бәлкiм дана,
Фариза ма,бiлмеймiн,Марфуға ма!..
Сылтауратып қасынан өтiп едiм,
Сәлемдестi менiмен салқын ғана!..)
Айналайын өзiңнен,қарындасым,
Сен менiң жанымдасың,қанымдасың.
Қасыңдағы Қалбайды елемедiң,
Менен де үлкен бiр ақын табылғасын!..
Шағалаң боп мен ендi шаңқылдаймын,
Жұлдызың боп мен ертең
Жарқылдаймын.
Жұлдыз деген өзiңнiң қапталыңда,
Жұлдызыма мен неге талпынбаймын!..
Жасыл орман,куә бол,жазық дала,
Айналады еменге нәзiк бала.
Түбi бiр күн мен сенi иелеймiн,
Ұнағандай бiр кiтап жазып қана!..
...Қандай жақсы,тапқырлық,талаптылық,
Махаббатты ұша бер қанат қылып!
Мен өзiмнiң бет қостым кiтабыма,
Кiтабына өзгенiң... қарап тұрып!.





Пікір жазу