ОЙЛАЙМЫСЫҢ, ЖҰРТЫМ-АУ, ОЙЛАЙМЫСЫҢ?!.
Аманбысың, армысың, Аяулы арман,
Кiм боларым қашан-ақ аяндалған.
Ағаларым Төлеген, Мұқағали,
Ферзi деген шығады жаяулардан!
Аманбысың, армысың, Асыл әнiм,
Ендi менi жылатпа!
Бас ұрамын!
Даусым шығып барады күңiренiп,
Дауысымды...қай жаққа жасырамын?!
Түргелемiн!
Демешi қолтығымнан!
Асырайын даусымды алты қырдан!
Фаризажан, Фариза, Фариза – қыз,
Домбырамды әкелшi тартып ұрған!
Кiмдер менiң нанымды жарты қылған?!!
Әкел мында!
Бермесең сындырамын!
Мына қазақ ақынның қырды бәрiн!
Мен өзiңе еңiреп,
Еңiреп боп,
Қыздың бәрiн өзiме құл қыламын!
Орынымнан түрегелiп тасқа басқан,
Өшiмдi бiр аламын қасқа бастан!
Қасқа басқа жүгiнген бiздiң халық,
Тас көрiнсе сүйрейдi тастамастан!
Ойлаймысың, жұртым-ау, ойлаймысың,
Ойламайды қасқырлар қой қайғысын!
Табанына таздардың тас үйгенше,
Мүсiндерiн қыздардың қоймаймысың?!.
Бұл өмiрден, Фариза, кетемiн мен,
Кетпегенде бұларға не етемiн мен?!.
Тас – қабiрде жатамын жалғыз қалай,
Хабар алып тұрыңдар кетегiмнен!
Қорқам, АЖАЛ! Қорқамын ұран салып!
Анау-мынау күшiм бар қыраншалық!
Қорықпаймын өлiмнен, қозғалмасам,
Қорқамын мен:
Алар деп жылан шағып!
Кетемiн мен ауылға!
Қой қайдасың?!
Кiлең мәңгүрт орныма ойды ойласын!
Бақ берем деп, - астыңа тақ берем деп,
Қалың қазақ iзiмнен ойбайласын!