25.07.2022
  159


Автор: Қалбай Әбдіраманов

КЕЛІН КЕЛІП ТҰР

Той басталды ауылда...
Ән айтыңдар,
Қуанышты, шаттықты молайтыңдар!
Аулымыздың өнерін айта жүрсін,
Аулымыздың өнерін айта жүрсін,
Мерекеге бүгінгі жолайтындар!
Күй тартыңдар, билеңдер, ән салыңдар,
Екі жастың тойына тамсаныңдар!
Қыздырыңдар, жігіттер, той-думанды,
Қыздырыңдар, жігіттер, той-думанды,
Келіп тұрған келінді қарсы алыңдар!
Келін келіп тұр, міне, келін келіп,
Балауса қыз қуансын елін көріп.
Осы жұрттың барлығы өзіңдікі,
Осы жұрттың барлығы өзіңдікі,
Ата-енең тұр әне төрін беріп.
Бәрі осында дос, туыс, көрші-қауым,
Төгіп отыр көңілінің ел шуағын.
Өзіңдікі барлығы,
Өзіңдікі!
Өзіңдікі барлығы,
Өзіңдікі!
Ортасына солардың ен, шырағым!
Қыздың жігіт алыпты көркемінен,
Қыз жігітті таңдапты телпегімен.
Екі жастың құшағы бөлінбесін,
Екі жастың құшағы бөлінбесін,
Думан қызық болады... ертеңімен!
Жігіт тойға келмейді қыз болмаса,
Қыз жігітке ермейді жүз бармаса.
Мынадай болар ма еді той мен думан,
Мынадай болар ма еді той мен думан,
Арасы екі ауылдың із болмаса!
Өзіңдікі ақ жігіт алып келген,
Оған сені ешкім жоқ таңып берген.
Ақ махаббат дегенің қандай жақсы,
Ақ махаббат дегенің қандай жақсы,
Қандай жақсы жастықта жанып көрген!
Жас жұбайлар, жана түс!
Жалындай бер!
Ата-енеңді, жұртыңды, жаныңдай көр!
Осылардың барлығы сен деп отыр,
Осылардың барлығы сен деп отыр,
Сосын ертең оларға... бағынбай көр!





Пікір жазу