25.07.2022
  129


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚАРА ҚЫЗ

Бойдақ кезде досымыз,
Жақын еді арамыз.
Осы әппақ досымның,
Үйленгені қара қыз.
Енді барсам үйіне,
Жалғыздығым батады.
Ақ досымды қара қыз,
Алып кетіп жатады.
Ертеңіне қара қыз,
Күлім-күлім етеді.
Оны көріп бұл досым,
Мені сатып кетеді.
Қара қызда бәле бар,
Ісі мұның қараңғы.
Оңашада өткізіп,
Жүрген болма параңды.
Онда үйіңе қонбаймын,
Өзің жейсің етіңді.
Қайдан келдің, қара қыз,
Қара мысық секілді?!.
Сен адамды сатасың,
Мен адамды сатпаймын.
Сен ортада жатпасаң,
Мен үйіңде жатпаймын!
Енді тапсам бір заһар,
Осы саған беремін.
Енді досым айныса,
Осы сенен көремін!..
Енді тапсам бір бәле,
Осы сені шатамын.
Енді болса бір оғым,
Қара қызды атамын!..
Ойнайтұғын күндерің,
Қалып кетті, қара қыз!
Сұмдығыңнан өзегім,
Жанып кетті, қара қыз!
Қоя бермей сопайтып,
Екеу ет мен—“жетімді”.
Қайдан келдің қара қыз,
Қара мысық секілді?!





Пікір жазу