25.07.2022
  89


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ӨТТI БҮКIЛ ӨМIРIМ ШЫРЛАУМЕНЕН..

Өттi бүкiл өмiрiм шырлауменен,
Махаббаттың есiгiн тырнауменен.
Елу жылда толмаған орта көңiл,
Бiреудiкiн тола ма ұрлауменен.
Өттi бүкiл өмiрiм.
Сындарда өттi!
Айлар да өттi осылай,жылдар да өттi.
Ендi артыма барамын қарай-қарай,
Махаббат деп соңымнан ұлдар кеттi!..
Ұйықтатпайды көңiлiм елегiзiп,
Елес берiп мен көрген көне қызық.
Қашып шығып кетiңдер шалдарыңнан,
Жүрегiмнiң гүлдерiн берем үзiп!..
Айтып шығам түсiмде...
Аттарыңды.
Парақтаймын баяғы хаттарыңды.
Бала күнгi сезiммен арпалысып,
Бiлмейсiңдер не болып жатқанымды!..
Қашып шығып кетiңдер
Шалдарыңнан,
Өзiм күтiп алайын алдарыңнан!
Терезеңнiң алдынан жүз өтейiн,
Түспесе де ештеңе сандалудан.
Уақыт өтiп барады жылдырымдай,
Қалай өлем артыма бiр бұрылмай.
Ақын көңiл әлi жас,әлi жалын,
Адамдарды қайтедi
Жынды қылмай!..
Көрмегендей ештеңе өтемiн бе,
Жан сырымды бiр төкпей...
Кетерiмде!..
Ит болуға қайылмын,
Ит болуға,
Жүру үшiн қыздардың жетегiнде!..
Менiң сүйген жарым бар әр қалада,
(Насихаттан құлағым қанған,аға!..)
Қалыбайды перiште қыламын деп,
Өлеңiмдi өзiңше балғалама!..
Қазiр де мен Каспийдiң бойындамын,
Теңiз кешiп жүрсем де...
Ойым мәлiм!..
Өлетұғын қартайып кезiм болды,
Мына көздiң көрмедiм тойынғанын!..
Жалаңаштан,арулар!
Жалаңаштан!
Тал бойыңда бәле бар ала қашқан!
Сұлулыққа өмiрде көзiм тойып,
Кетейiн бiр!..
Артыма қарамастан!..





Пікір жазу