25.07.2022
89
ТІРЛІКТЕ
Маған қарап күлімде,
Маған қарап түңілме!
Өлең таптым, қарағым,
Өліп жатып... іңірде!
Келеді адам, оңғысы,
Келеді адам, болғысы.
Ұзағырақ жанады,
Сіріңкенің... соңғысы!
Оянбасам өлем де,
От бер, ару, өлеңге.
Жанып тұрған махаббат,
Мені тастай жөнелме!
Мен өлейін алдыңда,
Тамшы суға зар қылма!
Сені маған сыйлаған,
Рахмет тағдырға!
Мен түсетін от қайда,
Маған тиер оқ қайда?!.
Үйтілмесем алдында,
Мені қыздар жоқтай ма?!.
Өрмелеген жан үшін,
Махаббаттың бәрі шың.
Білтеңде май болмаса,
Жастар сені неғылсын?!.
Құлаймын мен асқардан,
Секіремін тастардан.
Себеп жақсы кездерім,
Махаббаттан басталған.
Ақ балтырлы қыз қайда,
Мен өлетін құз қайда?!.
Жер қойнына енбесем,
Жата алмаймын мұздайда!