ДӘРІГЕР ҚАРЫНДАСҚА
Түніменен сымылдап күрек тісі,
Ақыныңның ауырды жүрек тұсы.
Өзің шығып көрсетші, айналайын,
Қоңырауыңның қай жақта кнопкісі?!.
Есігіңнің жаңылдым түймесінен,
Адасқандай ақылдан күй кешірем.
Өз бетімше қыңсылап отырғанша,
Осы қыздың өлейін инесінен!..
Түніменен сені ойлап қыңсыладым,
Бұдан бұрын қайда едің, күншуағым?!.
Мен, қарағым, дәрі емес, бәрі де емес,
Әтірсудың иісіне тұншығамын.
Жүрегіме жүктелді ауыр міндет,
Өлсем дағы айтпаспын тәуірмін деп.
Өзге кәсіп таппасаң бұдан былай,
Ауырғым кеп барады, ауырғым кеп.
Екі көзім көзіңе телмеңдейді,
Барлық ақын осыдан өлген дейді.
Құрт кесел ме білмеймін, инфаркт па,
Бір науқас бар бойымда, емделмейді.
Керек болса науқасты ақын үйсін,
Емханаңның, қарағым, аты күйсін!..
Суыртуға бір тістен күнде келем,
Сағынғанда шашыңның әтір исін.
Есігіңді аңдимын күнде сенің,
Әбу-әли атаммен тілдесемін...
Жүрегімде бәле бар, миымда да,
Қиымда да бар менің бір кеселім!..
Өлем-ау деп түнімен қауіптенем,
Ми жұқарып, ақылдан ауып келем.
Қандай еді, қарағым, мамандығың,
Бір ауыру саған сай тауып берем.
Менен өзге істей бер ісің болса,
Менен өзге қашайын кісің болса.
Бір өзіңе барлығын суыртамын,
Ауызымда үш жүз алпыс тісім болса!..
Ауруын айтпаған күнә десер,
Ақын белін әманда қынап өсер.
Алып кетіп қалмасын мені әйтеуір,
Мұқағалиды әкеткен мына кесел!..