25.07.2022
  87


Автор: Қалбай Әбдіраманов

СЕН МЕНIҢ МЫНА ЗАРЫМДЫ ҰҚ!

Қосылсын жастар, көбейсiн!
Көзiңмен топты шенейсiң.
Көңiлiң соққан бiреуге,
Қосылып сен де жөнейсiң!
Сонда сен менiң барымды ұқ,
Сонда сен менiң зарымды ұқ!
Сен емес пе деп қорқамын,
Әкелсе бiреу қалыңдық!
Қайтейiн сенi қаралап,
Жанымды кеттiң жаралап.
Ән болып сенiң есiмiң,
Ауылды кеттi аралап.
Iлiндiм мен де өсекке,
Iлiндiң сен де өсекке,
Сонда мен жасқа булығып,
Құладым үнсiз төсекке!
Атыңды айттым ән қылып,
Тойларға кiрдiм сән құрып.
Махаббатыммен iштегi,
Оттарды жүрдiм жандырып.
Нағылсын жүрек сорласа,
Көңiлге қайғы орнаса.
Ән салу маған не керек,
Сүйетiн бiреу болмаса?!.
Көгiмнен бүгiн жоғалдың,
Көңiлсiз үйге оралдым!
Жандыратыныңды бiлген соң,
Жалғыз боп неге жаралдың?!.
Жалғыз боп неге туылдың,
Күлiмдi көкке суырдың.
Жұлдыз ем тұрған жарқырап,
Аспаннан бүгiн қуылдым!
Жарықтың жаман сөнгенi,
Жылатар барлық пенденi.
Толайым көптiң көзiнше,
Опат қылдың-ау сен менi.
Жана алмай жатып сөндiм-ау,
Жылымас ендi Жер мынау!
Толайым көптiң көзiнше,
Аяққа басып бердiң-ау!
Өмiрде сенсiз жоқ тiрек,
Өтемiн алау-шоқ тiлеп.
Елемей бағы жанғандар,
Кетедi-ау ендi тепкiлеп!





Пікір жазу