КАТЕРИНАМЕН СЫРЛАСУ
Әдемi ақ сары қыз,
Әдемi ақсары қыз!
Қашаннан көршi болдық,
Қабысып жапсарымыз!
Қысады шөл денемдi,
Көз жасым дөңгелендi.
Пушкиндей қырғын етiп,
Жазамын мен де өлеңдi.
Көздерiң көк телегей,
Көңiл не – көктем емей?!
Қуылсам босағаңнан,
Кетемiн өкпелемей.
Жұлдыздар-құшағымда,
Көктемдi құшамын да.
Сен менi ақын десең,
Құс болып ұшамын да!
Жолыққан жаз айында,
Бағым ба, сазайым ба?!
Атыңды өлеңменен,
Ақтауға жазайын ба?!
Несiне тартынамыз,
Адамбыз, бар күнәміз.
Қазақтың арасында,
Азуым алты қарыс!
Бiз де бiр тақсыр адам,
Қазақтан тақ сұраған.
Бiреудi жамандайды,
Бiреудi жақсылаған!
Өзгеде жыным бар ма,
Кiм құмар қырылғанға.
Жүз құзғын тойынады,
Бiр тұлпар жығылғанда!
Қорқамын өлiмнен де,
Қол созам көрiнгенге.
Мың құзғын қуанады,
Бiр ақын көмiлгенде!
Ел болдық егемендi,
Шегара шегелендi.
Болмайды орысшалап,
Оқыр ем Төлегендi!
Өлең бар үмiттi еткен,
Құлаққа кiрiп кеткен.
Бiзде де ақындар көп,
Жұлдызды ұрып кеткен!
Мұңаям жесiрлiктен,
Ғашық боп есiм бiткен!
Мен дағы ұлы ақынмын,
«Өспеген» кесiрлiктен!
Екi қыз, бес ұлым бар,
Бiр-екi жесiрiм бар.
Төрт әйел алса дағы,
Қазаққа кешiрiм бар!
Мен осы... анадаймын,
Қыздарды паралаймын!
Үйiмнен қуылғанда,
Сендерге паналаймын!
Тiрiде тойынамын,
Бiр күнi сойыламын!
Өлгенде Қозы-Баян,
Қасына қойыламын!
Өмiрiм-өлеңiммен,
Осы деп өлемiн мен!
Көзiңнен айналайын,
Жұлдызды көре бiлген!
Ешкiмге жабыспаймын,
Сүймесе таныспаймын.
Сенбесең сынап қара,
Мiнекей, нан ұстаймын!
Аяқты нықтап бастым,
Көзiңдi шықтатпаспын.
Өлеңiм – өсекшiлеу,
Басыңды жұптатпаспын!
Абайла, енiп кетпей,
Жаныңды желiктетпей.
Көзiмiн Есениннiң,
Отырған... өлiп кетпей!
Қазаққа жақын керек,
Ар керек, ақыл керек.
Дәм мен тұз, ақ дастархан,
Арада жату керек.
Өлемiз махаббаттан,
Тiрiлiп шапағаттан.
Аман бол, ақсары қыз,
Жаралған шоколадтан!
Жайнай бер, жасыл емен,
Жанымды ашып өлем.
Бiзде әркiм ойланады,
Өзiнiң басы менен!