25.07.2022
  103


Автор: Қалбай Әбдіраманов

СӨЗ ДЕ БОЛДЫМ-АУ!

Сұлу маған ұнайды, қыз ұнайды,
Қыздар еске салады қызыл айды.
Қыз шығарсам жетелеп оңашаға,
Ауыл-елдің иттері құжынайды.
Сөз де болдым-ау,
Көз де болдым-ау.
Түніменен жүретін
Кезбе болдым-ау!
Ойнайтұғын көшеңнен
Қуып салып,
Ауыл-елдің итіне
Жезде болдым-ау!
Етің жібек, беттерің айдан аппақ,
Көрсем көзім кетеді тайғанақтап.
Қашан көрсең ізіңде көлеңкең боп,
Кете алмаймын қасыңнан айналақтап.
Сүйреледің-ау,
Жетеледің-ау,
Сүймегенде тастап-ақ,
Кетер едім-ау!
Қалам ба деп мен сенсіз,
Қорқамын ғой әй,
Басқа болсаң түбіңе
Жетер едім-ау!
Қайтесіңдер, арулар, тілден алып,
Кетпейсің бе менімен бірге қалып.
Өлмейсің бе шешеңнің таяғын жеп,
Өкінгенше үйіңе түнде барып!
Қорқып өттім-ау,
Тентіреттің-ау.
Еркімді алып қолымнан,
Кемпір еттің-ау.
Айналдырдың-ау,
Сандалдырдың-ау,
Қаша қоймай менімен,
Ертіп өттің-ау!
Мен ұнатқан арудың балтыры аппақ,
Ұялтады көзімді жалтырап қап.
Ойымды оқып тұрғандай дүйім халық,
Зорға келем қасыңа қалтырақтап.
Сөз де болдым-ау,
Көз де болдым-ау.
Түніменен жүретін
Кезбе болдым-ау!
Ойнайтұғын көшеңнен
Қуып салып, эй,
Ауыл-елдің итіне
Жезде болдым-ау!





Пікір жазу