Поэмалар ✍️
АЗАТТЫҚ АСТАНАСЫ
Шарт жүгiнiп даламда, отыршы қыр,
Соны жырлап, сен-дағы бекiншi жыр,
97 метрлiк Бәйтерек боп,
Тарихта қалды 97-шi жыл.
Өзi сенiп өзiне бекiне дем,
Күдiктiң бұлты да ақыр сетiнеген.
Қазаққа қуат берген қашаннан да,
Екi сан –
9 және 7 деген.
Киелi сан –
киелi биiктiгiм,
Бәйтерек боп естiлсiн сүйiктi үнiң.
Осы сөзбен әлемге тамырлансын,
Бойына бәйтерек-күш жиып Тiлiм.
Асыққанда замана кемелерi,
Уақыт тек тереңдiкке сенер едi.
Сонау көне Түркiден басталатын,
“Бәйтерек” деген ұғым терең едi.
Аңыздар өзi айтсын төрелiгiн,
Тереңнен тамыр тартқан көнелiгiн.
Бәйтерек –
киесi асқан жерде тұрар,
“Күллi ғалам кiндiгi” деген ұғым.
Өмiрге көрiк берер табылып түс,
Тамырында қан ойнап,
ағылып күш,
Ғаламдық Бәйтерекке ұя салған,
тiрлiктi жалғамақ боп Самұрық құс.
Тiршiлiк келе жатты сақтай атын,
Кез емес-тi қыраннан бақ таятын.
Әттең,
Самұрық жем iздеп кеткен кезде,
Балапанын айдаhар жеп қоятын.
Жыл сайын жеп қоятын,
озбайтын үн,
Самұрық мұңымен жер қозғайтұғын.
Жылағанда –
көз жасы-қара нөсер,
Бәйтеректi құлата жаздайтұғын.
Дала едi,
жолаушысы аз ат-көлiктi,
Бәйтерегi сор көрiп, бақ көрiптi,
...Айдаhар тағы ұяға таянғанда,
Ойда-жоқта… бiр Адам тап келiптi.
Тап келген Адам-батыр бекем дейдi,
Бекемдiкпен арманы өтелгей-дi.
Айдаhармен алысып…
жалғыз өзi,
Ақыры…
оны өлтiрген екен дейдi.
Осылайша мұң көшiп ғалам-жерден,
Бейбiт күндi балапан-балаң көрген.
Ғаламдық Бәйтеректi орап алған,
Зұлымдықты осылай Адам жеңген.
Көкке ұш,
байлықты да өңгер мейлi,
Бейбiт күнге ештеңе тең келмейдi.
Балапанын құтқарған Адамзатқа,
Самұрық бұл өмiрдi берген дейдi.
Аңыз соны айтады заманға кеп,
Самұрық құс от берген жанарға деп.
Ғаламдық Бәйтеректiң саясында,
Өтетiн өмiр берген адамға деп.
Бәйтеректi айналып желедi күн,
Бәйтерек –
мәнi көңiл тереңiнiң,
Ғалымдарға айтқызсаң: “алғашқы өмiр”,
және “өмiр берушi” деген ұғым.
Сол Бәйтерек –
жайқалтып таң аттырған,
Саясында Қыран-Ел абат тұрған.
Сол Бәйтерек –
аңыздан түсе қалып,
Елiмнiң қақ төрiнен қарап тұрған.
Сыртымнан сүйер Сары-Арқам едi,
Даласында жабайы аң жортар едi.
Соры қалың болған-ды маңдайының,
сондықтан топырағы сортаң едi,
Сортаң жерге өр қала салмақ тұрмақ,
Талайлар жай келуге қорқар едi.
Ойлап кетсе - күдiк те ормандай-ды,
Ал Хас Батыр күдiктi малданбайды.
Қала сап,
сортаң жерiн құрғатқаны,
Маңдайдың сорын сылып алғандай-ды.
Қала салу – бәлкiм, бұл Хақтан келдi,
Қазаққа мiнгiзгендей ақтаңгердi.
Ғажайып қала салу дегенiмiз –
Хан көтеру қаңырап жатқан жердi.
Астанам, кеттiң, мiне, өрлеп бiрден,
Гүл егiп,
тал жайқалтып,
сор кептiрген.
Ұлы Зодчий:
- Кiм де кiм қала салса,
ақиқаттың адамы – сол! – деп бiлген.
Азаттыққа жұмылса бар жiгерi,
Батылдыққа ерiп тек бақ жүредi.
Қай ұғым,
қай өлшеммен қарасаң да,
Арқа жерi – қазақтың қақ жүрегi.
Тарихты көзбен бүгiн шолу да – ерек,
Ертеңгiнi тап басып жору да – ерек.
Төрт құбылаң көрiнiп тұру үшiн,
Азаттық сол жүрекпен соғу керек.
Батыл бастау өрлікпен жасқап беттi,
Ел даусы жер шарына асқақ кеттi.
Желтоқсанның ақ қарын ақ жол етiп,
Елбасы ұлы көштi бастап кеттi.
Көзсiз ерлiк!
Ұнатпас жасық түстi.
Ал сонда:
“Қолда халқым, тасыт күштi! -
дегенде, қолдап кеткен күллi елiмнiң,
Ерлiгi
Елбасынан асып түстi.
Асып түстi,
өйтпесе ел бола ма,
Ел болып, өзгелермен тең бола ма?!
Ауызбiрлiк деген де – шексiз байлық,
Ол болмаса, симас-ты ен далаға.
Ойпыр-ай,
ұлы халқым батыл қандай,
Батылдыққа бастаған ақыл қандай.
Елбасына деген бұл ұлы сенiм,
Түн iшiнен ақ таңды атырғандай.
Үмiт деген сенiмнiң қорғаны, рас,
ол барда батырға ерген ел де арымас.
Күдiгi басым түсiп, орта жолдан,
қайтып кеткен жандар да болғаны рас.
Қайтып кеттi,
жеткiзбей жер алабы,
Басым түстi күдiктiң кер аралы.
Олар да кiнәлi емес,
шындығында,
Батырға да тек батыр ере алады.
Қашан да бастау қиын.
Бастама – сын!
Үмiт, күдiк отына тасталасың.
Ұлы Петр – ол-дағы сын естiген,
Мәскеуден көшiргенде астанасын.
Сонда Пушкин /Петрды тiлдей алмас,
Алайда бiр күдiгi бүрлей алғаш/:
- Екi жүрек болмайды бiр денеде,
бiр елде екi астана гүлдей алмас,1
-
деп жазған күдiкпенен ақын-дара,
Ол күдiктi жеңдi ақыр батыл дала.
Бүгiнде екi астана – Мәскеу қандай,
қандай бүгiн ғажайып Петр-қала.
Ұлы Пушкин – өлеңнiң қарагерi,
дәл бүгiн ерлiктен нәр алар едi.
Көз ала алмай көркiнен Алматының,
Астанаға аң-таң боп қарар едi.
Бұл дала –
кең жазира төрiмдей-дi,
Шындық боп азап шеккен сөзiмдей-дi.
Кеше бұл –
халық аштан қырылған жер,
Ал қазiр…
ақ бидайдан көрiнбейдi.
Шындықтан от өредi көрiк-кеуде,
Жас терек Бәйтерекке елiктеуде.
Жусандар таңқалады Астананың
көшесiмен заулаған көлiктерге.
Күн батса көкжиекке құлап барып,
Ай туады ымыртта қияқтанып.
Туады ай
жұлдыз-жұлдыз түн сөйлемнiң,
Iшiнде метафора сияқтанып.
Бақыт жоқ алға озып дараланбай,
Жаңарып,
жасардың ғой, дала-маңдай.
Ер Қабанбай – анау бiр қырда жатқан
саған басын көтерiп қарағандай.
Қалайша қарайды адам қайран қалмай,
Бұл жерде салтым кеше тойдан қалды-ай.
Қазақтың тiлi түнеп вокзалдарға,
Бөтеннiң тiл жүрдi пайғамбардай.
Арқаның шөл көңiлiн көрiктi еткен –
“Думаным-Океанариум” елiктеткен.
Бұл – Атлант мұхиттың бiр үзiмi,
Өзi кеп көрiмдiкке берiп кеткен.
Тек ерлiктер қалауда бұл қаланы,
Көшелер қуып жеттi қыр-даланы.
Сонау жақтан қол бұлғап қызғалдақтар,
Ендi маған жетшi деп ырғалады.
Көшелерiм – кекiлiн қайтарған жел.
Бұл дала – шындықты ашып айта алған жер.
Бұл өзi –
көне қыпшақ мекен етiп,
Бұзоқ деген қаласы жайқалған жер.
Көшелерiм, бас алға, арманға алып,
Отыратын күн емес тал қарманып.
Бас алға!
Көне қыпшақ даңқы болған,
Бұзоқтың көшесiне жалған барып.
Бұзоқтың көшелерi жалғаса кеп,
көз тартады сендiк күш қолдаса тек.
Көз тартады, мың жылдық қалың шаңға,
Көмiлiп қалғандығы болмаса тек.
Алдымда Бұзоқ қала жатыр қандай?
Ақ шаңға тұтқын болған ақылмандай.
Ол шаңнан археологтар азат етер,
Жаулардан азат еткен батырлардай.
Көшеттердiң орманы-ай, өрлеген кiл,
Жас қаланы құшаққа ап дөңгелен бiр.
Аң-таң болып қарайды саған анау,
өмiрi орман-тоғай көрмеген қыр.
Жайқалып өс ұлылық сазын алып,
Қалың бол қалың ойдан азық алып.
Қаптай өс – кеп жатқандай Сiбiрдегi,
Ну орман өзiн жерден қазып алып.
Беки бергiн жерiңе қорған бола,
Саған келiп жылынсын тоңған дала.
Қыр желi –
ол да сөзге тоқтамайды,
тоқтатар оны да сен – орман-бала.
Тарихтың бетi тарғыл сан дақтардан,
Жау да келген оң қаптал, сол қапталдан.
Қазiр сен тамыр жайып жатқан жердi
Қара орман халқым сонда қорғап қалған.
Қара орман ел – болған-ды қорғандайын,
Кенет нәубет жыл келдi аш арландайын.
Келдi де сол елiмдi орып түстi,
Орманнан ағаш шауып алғандайын.
Аш-Ажал жүрдi ауылда жандаралдай,
Жан-шыбын кетiп жатты қорғана алмай.
Есiгiн сан мың Жан кеп қаққан кезде,
Өлiмнiң де зәресi қалмағандай.
Даланың талқан болды арман-әнi,
Азаттықтың алды-артын ор қамады.
“Алжирде” әйелдердi азапқа сап,
әлi есте бұрым кесiп қорлағаны.
Қырда жүр ағараңдап құйындары,
Бәлкiм, ол –
өтсе де күн бұрындағы,
“Алжирден” шошып әлi қашып жүрген,
Арулардың ағарған бұрымдары.
Тоқыраудың тоңынан жылап ұшқан,
үмiт үзген ұлы елiм жылы ағыстан.
Жеке басқа табынған заманға тек,
Газеттiң құр сүлдерi құрақ ұшқан.
Құрақ ұшқан газеттер ғапыл өңдi,
ендi өзiн намыс-оқпен атып өлдi.
Беттерiн қалың шаңмен бүркеп алып,
архивтерде тығылып жатыр ендi.
* **
Тарихта кiм қалады тұлғалы боп,
Өртке оранды Кербала құмдары көп.
Бес мың жылдық Вавилон кете барды,
Бес күндiк тай-таластың құрбаны боп.
Халқы қашты бетке алып кең ғаламды.
Шұбырынды ел талайға жем болар-ды.
Көп босқыннан Цифрлар үрке қашып,
Санаудан да бас тартты ендi оларды.
Жаңалықты өзгемен тең естiдiм,
Әлемдiк жиындарда кеңестi үнiм.
Сонда ұқтық -
Жаhандану дегенiмiз,
Тек қана бейбiтшiлiк еместiгiн.
Жаhандану жоқ қылып самарқауды,
Өшiрердей ұлт тiлдi-жанартауды.
Қуып тастап мұхитты глобусқа,
Теуiп жiбермек алысқа анау тауды.
Алайда қара Жермiз төскейдi ашқан,
Тағдырын бiр-бiрiне жастай қосқан.
Содан ба жаhандану келдi екен деп,
Ешбiр ел жоқ заманды тастай қашқан.
Бiз де одан
қаша алмадық тау-қамалды,
Жаhандану ауылға,
бауға барды,
Есiгiмнен мен оны кiргiзбес ем,
Ол менiң тiрлiгiмдi жаулап алды.
Жаhандану әлi алыс аспан емес,
Оны ешкiм жау да демес,
дос та демес,
Жаhандану iргеден қаптай кiрдi,
Өзi келдi, оны ешкiм тосқан емес.
Жаhандану бiреуге жаққан едi,
Бiреуге үмiт кеш боп батқан едi.
Бұрынғының кейінге айтып кеткен,
Сөзiнде терең ойлар жатқан едi:
«- Аспаннан бақ жауар деп жатпағайсың,
Өз-өзiңдi бiлiммен баптағайсың!
Ұлттық дiлден көз жазып қалма, халқым,
Бiрлiгiңдi сол үшiн сақтағайсың!
Жаңарып, жасарса да көне түрiң,
Бақ пен сор – адамзатты бөлетұғын.
Есiңде ұста, әлемде ең ұлы iстер,
Ең қиын шақта өмiрге келетiнiн.
Тер сiңбесе, шынықпас көйлек-денең,
Бейнет жоқ та шаттық кеп, той да өтпеген.
Жұмақты да орната аламыз тек,
Тамұқ кешiп өткендей бейнетпенен.
Сән де келер, мән жайлы құтты болса ән.
Заман қатал, оны әлi ұқтырар сан.
Iлби бермей Уақыттың соңынан құр,
Сен оның алдына түс мықты болсаң!
Тегеурiнi темiрдей күштi бiзден,
Әлемде талайлар бар тiстi бiзден.
Рухты тасқа салып шынықпасақ,
Олар тапап өтедi үстiмiзден.
Жұта салады иiлгiш басы болса,
Жайлап алады иесiз қосы болса.
Халқым-ау,
қалай оны жасыра алам,
Жаhандық ұлы ақиқат осы болса.
Бiр-бiрiмен күллi әлем қырбай қабақ,
Бiзде уақыт жоқ жүретiн мұңды аймалап.
Әр қиынды жеңдiрiп, шынықтырып,
Сенi
Мен қайрамасам, кiм қайрамақ!?
Уақыт жоқ!
Жаңа кiрдiк есiктен бiз,
Онсыз да бес жүз жылға кешiккенбiз.
Әлемдiк төрге жүгiр, ұлы халқым,
Жаhандану тым қатал! Есiткенбiз!
Жастарым, алмастай бол осы күннен!
Қалма!
Заула!
Таң қалдыр шешiмiңмен!
Ертегінің Ер Төстік батырындай,
Шылбыр ұста шыға сап бесiгiңнен.
Жасықтарды қашан да жасқайды алып,
Дұшпан күлер мұндайда, дос – қайралып.
Егер жеңiс оп-оңай келе қалса,
Тұрмас едi Хан Кене тасқа айналып.
Азаттық оңай берсе несiбеңдi,
Отан-Ана туғызар несiне ердi.
Егер жеңiс оп-оңай келе қалса,
Райымбек батырың не үшiн өлдi?
Бiреуге көл,
бiреуге жерi ұнады.
Рас, жау қатал болса, ел ығады.
Сол елдi ықтырмасқа қан кешкенiн,
Күлтегiн тасқа қашап не қылады.
Жаттың қолы алаған!
Ал береген бе?
Тұра ма күтiп уақыт-кемелер де?
Шеттен келiп бiреу бақ орнатады,
Дегенге, алтын халқым, сене гөрме!
Еркiн сөздiң желеу ғып ұшқан нарқын
Әр сөзiңнiң бағады дұшпан да артын.
Сөз-бостандық қолыңда,
тек оны сен,
Бiрлiктi сақтау үшiн ұстан, халқым!
Бұл –
көзге көрiнбейтiн шындық, жұртым,
Жаhанның сен де бүгiн бiлдiң кiлтiн.
Сөз-бостандық маған да, саған керек,
Жолда керек ол әлi мың бiр дүркiн.
Азат-Сөз бостандықты алып келген,
Оны сен де бiлесiң қамыт көрген.
Сөз-бостандық - менiң де сүйетiнiм,
Адасқанға ақ ниет бағыт берген.
Сөз деген –
бiлiм күшi,
бақ аралы,
Ел-елге достық жолын сала алады.
Бiрақ ол қас дұшпанның қолындағы,
қырып-жояр қару да бола алады.
Сөздер бар сүрiнiп кетсең iле қалар,
Сыртыңнан зұлым оймен күле қарар.
Сөз деген – құдырет ол, тұтас елдi,
құм етiп шашып-шашып жiбере алар, -
деп бабалар бастайды алға тағы,
Күн де батар, тағы арай таң да атады.
Адамзат көшкiнiнiң елшiсi – бiз,
Жас ұрпақ, сөздi танып, ал батаны!
* **
Азат едiк!
Жүрек те тұр дүрсiлдей,
Жылжыды күн қуантып, түн күрсiнбей.
Азаттықпен тәй-тәйлап қадам бастық,
Бiр жығылып, бiр тұрған бүлдiршiндей.
Өтпелi кез дейтұғын белеңдегi,
ауыр жол сан күдiкке елеңдедi.
О бастан тұрмысы ауыр әйел жайы,
сол кезде одан сайын тереңдедi.
Сол кезде елес болып келешегi,
Базарда қапшық сүйреп көрешегi,
Қиындыққа әйелдер қарсы шапты,
Бiрақ, бұл – мықтылықтан емес едi.
Көшiп кеткен қоғамның жұртындағы,
Бұл мықтылық емес-тi ұлтымдағы.
Бұл –
әйелдiң шошына,
жандәрменмен,
Қиынды аластауға ұмтылғаны.
Ұмтылғаны – аштықты жолатпауға,
Жоқшылықты есiктен қаратпауға.
Таршылық дауылы кеп соқпасын деп,
Отан деген ғажайып абат-бауға.
Бейнеттi келтiрмеуге даламызға,
Әйелдер қарсы ұмтылды қара мұзға!
Ал мұны басқалардан бiрiншi боп,
Көре бiлген жандар бар арамызда.
Көре бiлген және де бағалаған,
Сол бағамен жаңарды санадағы ән.
Әйел-ана қолымен қоғам гүлдеп,
Көркiне көрiк қосты жаңа заман.
Ұғына алу – ортаға тасталғанда ой,
Ақылдағы адами астардан ғой.
Әйелге теңдiк берген ғажап ерлiк,
Мұхаммбет пайғамбардан басталған ғой.
Кей әйел тағдырында жатыр ақпан,
Мәрттiкпен қара, қоғам!
Ақыл – ақ таң!
Әйелге басын иген Мұхаммед пен,
әулие емес ешкiм де Сократтан.
Ойды тазарт ғаламзат бiлiмiмен,
Тазала тоғышар ой бүлiгiнен.
Әйелге “жарым ес” деп қарайтұғын
Ницшелердiң әдепсiз iлiмiнен.
Әйел мұңды болса, ел қайраңдайды,
Қоғамым осыны да ойға алғай-ды.
Заманның әйелдерi сорлы болса,
Ерлер де дара шауып бәйге алмайды.
Әйелдер – ауыр өмiр кешедi олар,
Табиғат жазған оған пешене бар.
Әйелдiң сол бейнетiн ұққан ердiң,
қай-қайсысын да пайғамбар десе болар.
* **
Бұл жерде жүрген талай “елтұтқалар”,
Тыңдасаң, сыр сандықты шертiп те алар.
Бүгiнде Арқа төсi қалың егiн,
Барсаңыз алтын бидай толқып қарар.
Ерлiктерге адамды жаниды iшкi үн,
Қыр қазағы мәнiсiн таниды iстiң.
Алтын бидай – бейне алтын орамалы,
Баяғы Сақ патшасы Томиристiң.
Елдi асырар ұлы арман асқаралы,
Ел патшасы – елiнiң қас-қабағы.
Патшалары бiз бiлген Түркi-Сақтың,
сол даңқты Томиристен басталады.
Ал Спаргап – ұлы оның.
Өнiп кектен,
Азаттық майданында өлiп кеткен,
Томиристiң сонда алтын орамалы,
Қайғы-шерден қап-қара болып кеткен.
Ана үшiн бала орны толмайды ғой,
Iшкi зар “кек қайтар!” деп толғайды да ой.
Қайғы жұтты,
алайда жыламады,
Патшаларға жылауға болмайды ғой.
Көңiлде жатқан қайғы жан шыдатса,
Шыдай ма ер
Намыс! деген қамшы батса.
Ұлын жойып,
ендi мәрт Сақтың халқын,
Жоймаққа келе жатты Парсы патша.
Жүгiрiп жер үстiмен өттi жалын,
Өлiнi де оятты кектi ұраным.
Парсының да қырылды сан әскерi,
Сақтың да сан боздағы төктi қанын.
Ұран салды шексiз қол құрыш атты,
Жазды тарих осы бiр ұлы шақты.
Сол қырғында қан қылып Кир патшаны,
Сақтап қалды Томирис ұлы Сақты.
Өтсе де патшалықпен жылдары көп,
Азаттық басса да алға тұлғалы боп,
Ұмыта алмай өттi Ана жалғыз ұлы,
Кеткенiн азаттықтың құрбаны боп.
Талай патша,
талай хан өттiң батыл,
Қан төгiсте жолдас боп өрт тiлдi ақыл.
Томирис пен бүгіннің арасында,
Екi мың бес жүз жиырма төрт жыл жатыр.
Азаттығым сан тәсiл салып келген,
Одан соң да қан төгiп, сан үптелген.
Бiздiң дәуiр келгенде біздің ерлер,
Азаттықты қан төкпей алып берген.
Кезiп кеттi әлемдi шайқап үнi.
Азатпын!
Күн мойындап, Ай таныды,
Қан төгiлмей келген бұл азаттығым,
Томирис көз жасының қайтарымы.
Қайтарымы кегiмнiң айбыны асқан,
Көк Бөрiнiң үнi бұл айға ұласқан.
Кешегi зар заманның қайтарымы,
Асан абыз атына «Қайғы» қосқан,
Естеми,
Бумын,
Бiлге – затында мұң,
Азаттық, Абылаймен жақындадың.
Қайтарымы бұл кеше соғыста өлген,
Белгiлi де, белгiсiз батырлардың.
Қайтарымы!
Жүремiн айта мұны!
Бұл – Қарасай ерiмнiң байтақ үнi.
Махамбет,
Кенесары,
Құлбарақтың,
Басы кеткен қырғынның қайтарымы.
Азаттық қатып жатқан сеңдi iледi.
Тарихтың туы да асқақ желбiредi.
Бұдан екi мың бес жүз жыл бұрынғы,
Шырағдан табылғанын ел бiледi.
Сол шырағдан ғажайып жамал-үнiм,
Шындықтың жарып тұр ғой қара қылын.
Қайраткер Иманғали табыс еткен,
көзi емес пе ол Томирис заманының?
Көзi ғой –
тарихымды аршып алған,
Алтын құйып,
күй төккен,
ән шығарған.
Екi жарым мың жылдық тарихыма,
Сәуле берiп тұр ендi сол шырағдан.
Түркiге мұхит-өмiр салты ұнаған,
Мимырт күн батпағына малтымаған.
Алтын өмiр сүрген бiз халық едiк,
Куәсi – мұражайда Алтын Адам.
Небiр заман жүрген-дi көшiп-қонып,
Табылып жатыр байлық, несiп толып.
Орхонның тас кiтабы ашылды алдан,
Кең тарихқа кiретiн есiк болып.
Ел даусымен жаз орнап, салқындар түн,
Дауға салса сүрiнбес парқың бар-тын.
Қазбек би,
Әйтеке би,
Төле бидi –
Төбе билер деп бiлген алтын халқым.
Ел тозады ой өлсе,
талғам қалып,
Мәрт сөйле сын тезiне салғанда анық.
Тарихта алтын сөзбен әспеттелдi,
Абылайды хан сайлап алған халық.
Ал, халқым, бекем ұста бар тұтқаңды,
Жаулар бар аңдып жүрген малтыққанды.
Бекер айтып кеткен жоқ ұлы аңыздар,
Сужұқпас,
Судыр Ахмет,
Жантықтарды.
Ендi адаспа!
Алдыңда сан iз барда,
Салып сөйле қашан да абызды алға.
Бәрiмiзге әйгiлi Қожанасыр,
Ол да бекер жүрген жоқ аңыздарда.
Тағдыр – жол, түзуi бар, бұруы да,
Бақыттың қиын баста тұруы да.
Аңызда ерiккеннен жүр деймiсiң,
Жиреншенiң Қарашаш сұлуы да.
Бiр ысып, бiр суиды нарық пешi,
Тоңбай, күймей өтсе екен халық көшi.
Өмiрде бағдар шамдай аңыздарым –
Халықтың өмiр сүру әлiппесi.
* **
Мұнай – байлық қашаннан дау-дамайлы,
Ол – қазақ, ағылшын деп таңдамайды.
Тек сол байлық достықтың басы болса,
Елiң де шат, ататын таң да арайлы.
Достық жайлы бiреулер жақ та ашпайды,
Барыңды айтпас, жоғыңды жоқтаспайды.
Дау-қазанды тасытсам деп бiреулер,
қайта-қайта астына от тастайды.
Дау-қазанды тасытып алмау да ерек,
Тасытпаудың амалын барлау да ерек.
Даудан шындық туады, сондықтан да,
Ол мүлдем басылып та қалмау керек.
Сондай алтын аралық ұстанған ел –
бiздiң ел.
Сарқылмас бiр күштi алған ел.
Бiлгенге мұндай елдiң iшi алтын,
ал сырты ақ күмiспен тысталған ел.
Сенiм деген көңiлге дара жолдас.
Ұзақ жолда қайсың бар ара қонбас.
Бар шығар кемшiлiк те, болады ғой,
Кемшiлiк тек Жұмақта ғана болмас.
Бұл далада жүрмеген көктем ғана,
Аштықтың да азабын шеккен баба.
Бұл – қаhарлы сан атом бомбалардың,
40 жылдық сынағы өткен дала.
Сынағы өткен.
Кiм қандай қам ойласты?
Минуттар әр қадамын санай басты.
Бомба-атом жарылғанда зәресi ұшып,
Жусан-дала ауылға қарай қашты.
Сипаты оның – көктi де тiрегендей.
Атом бомба тек өлiм тiлегендей.
Қуаты – Қара жердi уыстап ап,
Жыртып-жыртып лақтырып жiберердей.
Екпiнi ме?
Мөлшерi бар ма санда?
Жететiндей Күндi өртеп,
Таңды асарға.
Жер асты дүмпуiндей – Алатауды,
қозғап-қозғап көретiн анда-санда.
Аспан барып тығылып анау Айға,
Шыр айналды түк ұқпай құралай да.
Бауырына даласын жасырмақ боп,
орнынан қозғалғандай ұлы Абай да.
Атом бомба!
Сұр ажал – жауыны оның,
өлi дүние – қоршаған қауымы оның.
Абыралы тауларын алға салып,
Айдап кете алардай дауылы оның.
Азаттық кеп, бергенде сөзге асылды.
Сөндi бомба шошытқан сан ғасырды.
Арқаға қайт, жер асқан киiктерiм,
Ұлы Семей,
сен де сүрт көз жасыңды.
Дүбiрден үркiп қалған алаң дала,
Сенiммен қара ендi заманға да.
Күн сайын көркеюде Жетiсуым,
Пушкиннiң iзiн сақтап Орал қала.
Қалалар бiр-бiрiнен озатындай.
Қазақтың мол тарихын қазатындай.
Құмдарды олай тасып,
бұлай тасып,
Қара жел де күнделiк жазатындай.
Өткендi жазып сақтар қағаз ғана,
Есте ұстап қалғаны – ол аз ғана.
Сонда-дағы екi мың жыл тарихын,
Сөйлетiп тұрған кенiш – Тараз қала.
Отырар –
дарындарын қолтыққа ала,
Фарабидi туғызған барқыт-қала.
Өмiр мәнiн сөйлеткен қыл қобызда,
Сырдың бойын жағалап Қорқыт баба.
Домбырасы бауырын жазса күйдiң,
Толқытар уiлiндей жас сәбидiң,
Түркiнiң түп қазығы – Түркiстаным,
Хикметiн сөйлеткен Яссауйдiң.
Ұлттық өнер тiлiмен кетiп қырға ән,
Қазағымның қазығы бекiп тұрған.
Тарбағатай тауынан ән салғанда,
Жаңғырығып Жайыққа жетiп тұрған.
Сұлу көлге шомылған балқаймақ-таң,
Зайсан анау – көмейде ән қайнатқан,
Орыстың саяхатшы ғалымдары,
Ноғайбай әншiсiне таңдай қаққан.
Жайықтың жағалауын сүйiктi еткен,
Құрманғазы-құдырет – биiк не еткен!
Қазақтың жерi екенiн жұрт бiлсiн деп,
Пернеге “Сарыарқаны” құйып кеткен.
“Өнердi сақтайтын тек от ой!” дестi,
Өнермен парыздарын өтей көштi.
Жүректi жұлып ала жаздар едi,
Тәттiмбет шерткен ғажап “Көкейкестi”.
Атырауда жер де асыл,
аспан да асыл.
Сөйлесе, ақтарады дастанға сыр.
Осы жерден табылды байлық болып,
Теңiздiң астыменен қашқан ғасыр.
Маңғыстау мұнайы көз байлағандай,
Құмдары да көшуге тоймағандай.
Таулары бөлшек-бөлшек.
Осы жерде,
Тас ғасыр тау лақтырып ойнағандай.
Әуенiн әлi айтатын құдырет-дем,
Заманда да табанның бүрi кеткен,
Иран мен Түркіменде жер ауып жүрiп,
Маңғыстауды жырлаған Сүгiр өткен.
Жаз жайлауға,
көшетiн қыстап қырдан,
қазағым талай жауға күш қаптырған.
Менiңше,
бұл далада ел бiрлiгiн,
қазағым ән-күйiмен ұстап тұрған.
Әлi де асқақ сол әнiм,
сол тiлiммен,
өлi күнде алдыңнан жол тiрiлген.
Бос кеңiстiк қалдырма жат жұрттыққа,
өз жерiңдi рухпен, толтыр үнмен.
Сендiк үн – жарық қылып дала түнiн,
Әлемдiк қара қылды жаратын үн.
Басқа тiл – тiлдесуге ғана керек,
Елдiгiңдi сақтайтын – Ана тiлiң.
* **
Жер-Ана!
Адамзатты еншiледiң,
Ай,
Марс,
Сатурндар – өршiл ерiң,
Қызыға түнiменен қарап саған,
Таң ата тарап кетер көршiлерiң.
Жер-Ана,
биiктеттiң аласаны,
Жүрегiң бiздi тербеп таң асады.
Бiз үшiн бейнет кештiң, омырауыңа,
Қандай орден тақса да жарасады.
Алып Күн қабағыңды баққан күндiз,
Жер-Анам, шiлдең – мәрт қой, ақпан құндыз.
Астана деген қала – өр кеудеңе,
Қазақстан әкелiп таққан жұлдыз.
Сол жұлдызға жалғар жол жетiлген кең,
Сан түрлi ел қол бередi өкiлдермен.
Қол бұлғайды мың арал – Филиппин де,
Мұхиттың көп нүктесi секiлденген.
Елеңдеп әлем бiздiң сөзiмiзге,
Қызыға бiр қарайды төрiмiзге.
Бiздiң әр қадамымыз ойландырған,
Жаhандық құрлықтардың көзi бiзде.
Көзi бiзде тұрғанда бақ-бәйге өрлеп,
Кейбiр ел жеңiсiмдi шаппай бермек.
Ал бiз iштей сыйынып, күбiрлеймiз,
Тiл мен көзден елiмдi сақтай гөр деп!