25.07.2022
  111


Автор: Оңайгүл Тұржан

Найзағай жүр аспанды сызып көріп...

Найзағай жүр аспанды сызып көріп,
Аспан тұр тырналарды тізіп көріп.
Құйын жүр құйындығын қызық көріп,
Көңіл тұр өзін өзі бұзып көріп.
Көңілім – қырық құрақ құралғандай,
Құралады... тірлікке құмар қандай!
Ақ күшік алысады ойын құмар,
өзінің иттігіне қуанғандай.
Жылдардың иығындағы жадағай-күн,
Түймең боп тағылуға жарамаймын.
Бүгін –
Соны ұғынған күнім менің,
Шақырмай-ақ қой мені, самал-айдын.
Жүгі ауыр боп тоқтаған көш те емеспін,
Таң да емеспін,
Түс те емес,
Кеш те емеспін.
Айналып ұшпа мені, ақ шағала,
Дос та емеспін ешкімге,
өш те емеспін.


Кетші деймін, шағала, сезімді ілме,
Мен, немене, сендерге теңізбін бе?
Теңіздікті берген жоқ маған құдай,
өзім жүк боп келемін өгіз-күнге.
Мұңды өлең!
Оның жұртқа керегі не?
Тыныштық бер жапырақ, терегіңе.
Тірлік қуып шаршаған бүкіл әлем,
Жұбанып тұрса деп ем өлеңіме.





Пікір жазу