25.07.2022
103
Желбіреп тағы шықты шаттана күн...
Желбіреп тағы шықты шаттана күн,
Ақ құм оған төсейді ақ тамағын.
Көңілдің көз тоқтамас шөлінен мен,
Күні бойы шиырлап жоқ қарадым.
Арман деген кеп-кеше теңіздей-ді,
Бүгін көңіл сол жерден көл іздейді.
Сары құмды сапырып олай-бұлай,
Жел осы құм ішінен нені іздейді?
Ол білмейді нені іздеп жүргендігін,
Мен де ештеңе таппадым түзден бүгін.
Сай-сала неге жым-жырт қалып жатыр,
Неліктен қуанбайды гүлдер бүгін?
Күн ысып,
тұр тағы да қайнағалы,
қыр жаққа сары сағым байланады.
Жүндей боп түтілсең де жүнжіме деп,
қолда ұршық жіп ширатып айналады.