25.07.2022
116
Маусымның күні-ай кешегі...
Маусымның күні-ай кешегі,
Ақ нөсер құйды шелектеп.
Шөліркеп тұрған көшені,
Тамшылар сүйді өбектеп.
Жуынсын бір сәт сүйікті ел,
Жуынсын қала – аяулы.
Заманды мына жуып бер,
Қап-қалың беті бояулы.
Көшеңде бұлақ жарысты,
Қолшатыры жоқ қалам-ау.
Денеме көйлек жабысты,
Малшынып мен де барам-ау.
Ақ нөсер құйдың тосыннан,
Тамшылар ашты майданды.
Ары да бері ағылған,
Көліктер көлге айналды.
Жан-жақтан тамшы-ән қамап,
Көңілім бұлай өсер ме!
Шашымнан жаңбыр сорғалап,
Айналдым мен де нөсерге.
Басылды жаңбыр бір демде,
Бұлт қашты тастап аспанды.
Азат күн қайта күлгенде,
Тіршілік қайта басталды.