25.07.2022
  135


Автор: Оңайгүл Тұржан

АТАМЕКЕН

І.
Құла дала,
Құлазымай жөнге кел,
Бір өзіңсің шабытыма дем берер.
Жер жәннаты емессің сен,
білемін,
Бірақ саған жер көрмедім тең келер.
Сенсіз менің арманым да арман ба,
Сол арманды жетел сен таңдарға.
Сен – мұхитсың,
Ал біз – сенің шағалаң,
Шағаласыз мұхиттарда сән бар ма?
Биік таулы,
ойлы,
қырлы,
төбелі.
Саған көңілім аспан болып төнеді.
Балаң болып өсіп едім өзіңде,
Панаң болып өмір сүргім келеді.
ІІ.
Бейшараның ұстатпас бағы сынды,
Жарты көңілім қақырап тағы сынды.
Ұғасың ба, туған жер, мына менің,
Намыссыздық оятты намысымды.
Аспаныңнан құлайын тамшы болып,
Мендегі махаббатты алшы көріп.
Саған тиген бір соққы мені тауып,
Осқылайды жанымды қамшы болып.
Гүлің болып егілем белеңіңе,
Жапырақ боп көктеймін терегіңе.
Мұңайсам,
кінәлама мұңдысың деп,
мұңыммен де жараймын керегіңе.
Махаббатым өзіңе байландырған,
Алыс кетсем,
қол бұлғар ойдан, қырдан.
Мұңды жүрек емес-ау мына мені,
Мағынасыз күлкілер ойландырған.
Топырағыңнан өніп ем екпе гүлше,
Нұрың төктің табиғат көктемінше.
Сенің,
Сенің намысың қорғайтыным,
Топырағыңа қайта еніп кеткенімше.
ІІІ.
Қасиеттім!
Тасыңда ізі жатыр қасіреттің.
Сен қаталсың сонда да иойымаған,
Жасық жүректерді де жасын еттің.
Адастырмас сен менің белгім едің,
Тұяқ сынса, тоқтамас ерлік едің.
Ерліктер мекенінде ез болмайық,
Серттесейік осыған, кел, жүрегім!
Мен – өзіңмін, туған жер,
өзге емеспін,
не кешсем де, әйтеуір, сенде кештім.
Мықтылардың батасын алған едім,
Мен де ендеше осал сөз сөйлемеспін.
Нәр берген туған жердің өзегіне,
Жалғасамын мен сенің өзеніңе.
Табанымнан таусылып оқим сені,
Өзімді де оқытам мен өзіңе.
IV.
Туған анам – сағымды дала мына,
Дала, сенің қараймын қабағыңа.
Жалаңаяқ жүгірсем төсіңменен,
Тікенегің кірмес-ау табаныма.
Паң даланың сарғайып таңы атады,
Керемет бұл,
Керемет дала таңы!
Бір сезімді
бір сезім тұншықтырып,
Бір сезімді
бір сезім оятады.
Жыр боп мені тербейді тұнық түнің,
Сен – маған,
Мен - өзіңе сүйіктімін.
Үнсіз ғана жатырсың, тұйық дала,
Тұйықтығың, бәлкім, ол биіктігің.
Жүрегім өзіндік бір табар әнін,
өзі емдер өзі салған жараларын.
Мен де өзіңе тартқан бір тұйық қызың,
Тұйық суға алайда баламағын.
Талайларды құмына көмген мекен,
Желмаямен бабалар желген мекен.
Мені де шөл далаңда жаратып ең,
Содан ба,
Саған ылғи шөлдеп жетем.





Пікір жазу