БОЗ ЖУСАН БАСЫ ДУДЫРАП
Күз желі келді қиырдан,
өңмендеп қара суығы.
Көңіл-кесеге құйылған,
Сағынышым да суыды.
Тентек жел беттен ұрғылап,
Сұр аспан сұр ән тапты бір.
Боз жусан басы дудырап,
Желге ұшып бара жатты қыр.
Аспанның бұлтын үзіп ап,
Аң шыңға сән ғып таққан күн,
Үйрегін көлдің тізіп ап,
Белгісіз жаққа аттандың.
Сабағы гүлдің қаусады,
Сәнденген күндер жоқ енді,
Сөгеді желдің саусағы,
Көңілім, сенің көбеңді.
Сары жапырағы иіліп,
Тоғай да үнсіз тұратын.
Алтын жапырақ киініп,
Алтыным бар деп тұратын.
Желге ұшты алтын тұмары,
Қараушы ек біз де:
-Керім! – деп.
Ал тоғай жаурап жылады:
- Жаз бойы жиған едім, - деп.
Жылама, тоғай, қайғылым,
Жазғырма оған желді де.
Жазмышың берген байлығын,
әкетті өзі келді де.
Тағдырдың күзі көрінді,
Көп еді әлі айтар ән.
Қанша жыл жиған өмірді,
Мен енді қалай қайтарам?