25.07.2022
  130


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТЕҢІЗ БЕТІ – ОЛ ДА БІР ЕЛСІЗ ДАЛА

Теңіз беті – ол да бір елсіз дала,
Елсіздік ере түсті желсіз ғана.
Шағал кеп шаттығын сыйға тартты,
Қалды,әне, жағалауда менсіз нала.
Көк теңіздің бетінде із кесемін,
Алтын шәйін ішіп ап күз-кесенің.
Шаттықтың да аулына тұрақтамай,
жүз қонып,
жүз көшемін.
Теңізде толқын шырқар саз ғана бар,
Қарға жоқ.
Үйрегі бар.
Қаз ғана бар.
Көліктер жоқ оранған көк түтінге,
Көк тиынға бас ұрған мәз қалалар.
Теңіздің тұрғындары – балықтары,
Тереңдікті сүйеді ол халық-дағы.
Толқындары секіріп биіктікке,
Жарысып бір ойнайды шабыттары.
Мен де бір ...
Теңіз-өмір кешсем бе екен,
Пенделіктен ат-тонын кессем бе екен?!
Иран,
Қытай асып кеткен қазақтардай,
Жерді тастап,
Теңізге көшсем бе екен?
Мен тұрмын екі ойды ұстап, сөзім-егес,
Биіктік пен тереңдік – егіз едес.
Жел келді де:
- Қайт! – деді, - қара жерге,
Пенделердің мекені теңіз емес.
- Теңіз емес, мұныңыз далбасалық!
Ақылымды берді жел алға салып.
- Иран,
Қытай қазаққа жер болмады,
Теңіз де саған туыс болмасы анық.
Өмір солай!
Ұршықша айналулы.
Тәтті арман, тірлік сені қайда қуды?
Қара жердің бағамын қас-қабағын,
Теңіз жайлы қойдым мен ойлануды.
Жұтуға келді, міне, көктем қарды,
Көңілім де қолына кетпенді алды.
Бұла желдің сол сөзі шын ба деймін,
Естігем жоқ теңіз боп кеткен жанды.
Әне! ...
Толқын ...
Құлады оңға толқып,
Енді, міне, барады солға жортып.
Жағалауға кеп қалып...
тұра қашты,
Адам болып кетуден ол да қорқып.





Пікір жазу