25.07.2022
  89


Автор: Оңайгүл Тұржан

Жаңбыр

Жаңбыр!
Жаңбыр!
Жуық түн.
Түседi ертең боз қырау.
Сабағында суықтың,
Пiспей қалған жаз мынау.
Сарыатаннан түсе алмай,
Тау басында күзiң тұр.
Жазды сарқып iше алмай,
Жүзi сынық жүзiм тұр.
Мұзды бастым.
Күрмелдiм.
қардың түсiн саялап.
Iшi кеуек күндердiң,
Сыртын сырмен бояп ап.
Киiп алып арайды,
Көңiлге нұр құялық.
Жалаңаш тау қарайды,
киiм киюге ұялып.
Шаршау ойды iшем кеп,
жауап жазып тағдырға.
Қандай көйлек пiшем деп,
мүсiнi жоқ жаңбырға.
Қиялда да мүсiн жоқ,
Соған мұңым шертемiн.
Сыртым - бүтiн,
Iшiмде - от!
Кемiредi келте күн.





Пікір жазу