meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  25.07.2022
  118


Автор: Оңайгүл Тұржан

Нәр iздеп кеудедегi жан отауға...

Нәр iздеп кеудедегi жан отауға,
Жаз-жапырақ ұшады қапаланып.
Қара түстен шаршаған Қаратау да,
Ақ қыраумен алғандай опаланып.
Шығыршықты
қауғаға байлап ана,
Шыңыраудан су тартар күн, аңсаттың.
Желмен ұшып жөнелдi айдалаға,
Сай-салаға тығылған ұялшақ құм.
Кеттi бәрi.
Ақ бұлақ күлушi едi.
Алма бақ саудагермен келiсе алмай,
Қырқада қызыл гүлдер жүрушi едi,
Олар да атақ-даңқты бөлiсе алмай.
Ай, ақпан!
Сен де өтерсiң – дiнi мықты,
Көк мұз жатар ыстығы көтерiлiп.
Ақ қардан аршып алып жылылықты,
қолына ақ гүл ұстап жетер үмiт.
Сары күз жапырақтан құралатын,
Жәй сөз боп қалар көңiл сандығында.
Көктем жайлы жыр оқып тұрар ақын,
Газеттiң сөйлем-сөйлем айдынында.





Пікір жазу