25.07.2022
102
ҚАР ЖАУМАДЫ
Еңкейiп жерге жете алмай,
Сүңгi мұз ықта қалғитын.
Ақ қыстан аттап өте алмай,
Қоянның iзi қарғитын.
Ақша қар бейне ақ өлең,
Сәулесi қыстың күлетiн.
Ақ боран аршын даламен,
Шылбырын сүйреп жүретiн.
Ал биыл қар жоқ,
О несi?
Қара суықпен шулар күн.
Мұз болып сынған денесi,
Аштықтан өлген сулардың.
Қар жаумай қойды Үстiртке,
Сүр қыстың қырым етi жоқ.
Бұлттары қашты түстiкке,
Жерге қарайтын бетi жоқ.
Бұлттарға кiнә арттым-ау,
Өзiм ше?
Өзiм қандаймын?
Күндiз де түнi шапқылау,
Шаттықтан қашқан жандаймын.
Қу құлқын мынау - тас iшкiр,
Менi де көмдi нөпiр боп.
Базарда жүрмiн - шатыс тiл,
Өлеңге қарар бетiм жоқ.