25.07.2022
  95


Автор: Оңайгүл Тұржан

Сары құмында Нарынның шашылады iз...

Сары құмында Нарынның шашылады iз,
Талай қыс кеп,
жаз да өттi, асыға күз.
Алтын құмнан алтын жыр ойған ақын,
Бұл күнде шашы да аңыз,
аты да аңыз.
Бұла қызға қонғанда жыр құсы кеп,
Заман жоқ-ты – тамақ тоқ, тұрмысы көк.
Арқаға сыз боп батар ол заманның,
Бұра тартар сөздердей бұрылысы көп.
Бұл өңiрде жалқау – бұлт,
Жалқау – аспан,
шiлде шөлден өледi, ақпан аштан.
Сары құмға ұрынып қалам ба деп,
Бұлақтар да аяғын қорқа басқан.
Құйындары – даланың қашқындары,
Ұстамақ боп талайлар тостың-дағы.
Қулығы жоқ дала бұл, сұмдығы жоқ,
Жусандарын суарар тастың нәрi.
Көк майсада өскендер тосыла да,
Бұл даладан қашады шошына да.
Тас шайнатып шыңдайтын, құммен желпiп,
Фариза ақын ұстазы – осы дала.
Қаталдықты бұл дала қағида еткен,
Ол жайлы Асан-қайғы жори кеткен.
Жанкештi адыраспан мұнда өседi,
Құм iшiнде гүлдеудi сол үйреткен.
Өр жыры кiмдi де жалт қарататын,
Жаныңның жазып берер жарақатын.
Өйткенi толқынға өсiп өлең-жүрек,
Жұтып өскен аптаптың алапатын.
Тыңдасаңыз бiр өзi –
бiр ғалам-дүр,
Сала алмайтын суреттеп қыл қалам бiр.
Фариза-ақын егiз ғой табиғатпен,
Бiрде дауыл мiнезi,
бiрде жаңбыр.
Ақындыққа қарайды ойланып шың,
Бәрi бiрдей ақынды қайдан ұқсын.
Жер бетiнде сан түрлi халықтар бар,
Ал, ақындық,
сен осы қай халықсың?
Тiлiң басқа сөйлейтiн,
дiлiң басқа,
Сағынып, табынатын пiрiң басқа.
Байқаған жан бiледi – түрiң басқа,
Сырың басқа айтатын ғұмырласқа.
Басқа түстiң, ақындық, затыңды ұқтым,
мәрт мiнезi – қылығы батылдықтың.
Осы мiнез өлеңдi жарататын,
Бұл –
мiнезi ғаламат ақындықтың.
Ғашық сыры көзiңе жас алдырып,
Өр дауыспен жырларын жасандырып.
Тұлпарлықта жоқ, сiрә, өтiрiк күлкi,
Сондықтан да жоқ онда жасандылық.
Бекет ата қолдаған перизатын,
Ақындығы асырып ғазиз атын.
Қым-қиғаш күн iшiнде бәйтеректей,
жыры – мiр,
өзi – жұмбақ Фариза ақын.
Ақындық-ай,
өлшеммен саналмаған,
Арал сынды ол көпшiлiк бара алмаған.
Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ,
Ешкiм әлi шешуiн таба алмаған.





Пікір жазу