25.07.2022
  127


Автор: Оңайгүл Тұржан

Ақпан-ау, сен жүретiн алап қандай...

Ақпан-ау, сен жүретiн алап қандай,
Келбетiне ақ күмiс жалатқандай.
Үдей түсер елсiзде аппақ боран,
Мың бiр жылан жүгiрiп баратқандай.
Ақ қарың –
ұшып жүрген ақ қанатың,
адасып кеткенiне мақтанатын.
Әлемдi шарлай-шарлай жерге қонып,
Ақыры тiршiлiкке тапталатын.
Қайда кетiп барады ақ бораның?
Дауыл боп қара түндi ақтарады үн.
Ысқырынып,
құтырып,
өршеленiп,
Айдаланы шарлап бiр жоқ қарадың.
Ақша қар, зеңгiр көктен құлайсың бiр,
Өмiрiңдi ұлпадан құрайсың бiр.
Қыс бойы сайран салып,
көктем келсе,
Көз жасыңды көл қылып жылайсың бiр.
Жылайсың бiр,
қимайсың бұл өмiрдi,
Үзгiң келмей мұздықтан күдерiңдi.
Көз жасы етiп ақыры тауысасың,
Көл қылып анау қар-қар жүрегiңдi.
Мұңайма.
Қалар артта талай күндер,
Пәктiк тұр сенi өзiме балаймын дер.
Сенiң қар-қар жүрегiң жатқан жерге,
Күнi ертең қаптай өседi арай гүлдер.





Пікір жазу